Сейсенбі, 30 Шілде 2024 12:29

Шымкентте бірқатар көліктердің бағыттары жаңартылады

Шымкент қаласының қоғамдық көлік жүйесін жақсарту мақсатында тұрғындардан түскен ұсыныстар мен өтініштер қала әкімінің жеке қабылдауларында және азаматтармен кездесулерде көтерілген болатын.

 Осыған орай, кезекті тариф және маршрут құнын айқындау жөніндегі комиссияның отырысында бірқатар маңызды ұсыныстар талқыланды.

№16 автобус маршрутының сызбасы: 276 орамдағы Тұрсынбайұлы көшесі тұрғындарының өтініштеріне сәйкес ұзартылды.

№66 автобус маршрутының сызбасы: Тұран шағын ауданы Қазтуған жырау көшесі арқылы ұйымдастырылды.

№71 автобус маршрутының сызбасы: Аймауытов көшесі арқылы оңтайландырылды.

№70 автобус маршрутының сызбасы: Тұрғындардың өтініштеріне сәйкес Бөлешов көшесінен 600 метрге ұзартылды.

№69 автобус маршрутының кестесі: Жұмыс күндері 13 автобус, демалыс және мереке күндері 10 қоғамдық көлік жолаушыларды тасымалдайды.

№139 автобус маршрутының сызбасы: Сайрам елдімекенінің орталығы Ю.Сареми көшесінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша өзгертілді.

Бұл өзгерістер қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетуге және көлік қатынастарын жақсартуға бағытталған. Қоғамдық көлік бағыттарының жаңартылуы тұрғындардың сұраныстары мен қажеттіліктеріне сәйкес жасалды және олардың қоғамдық көлікке деген сенімін арттырады деп күтілуде.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қоғамдық көлік бағыттарының жаңартылуы қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартуға зор үлес қосады.

Бүгінгі танда маршруттар толығымен қызмет көрсетуде, қала аумағындағы сонымен қатар, шет аймақтарда орналасқан  барлық шағын аудандар мен тұрғын алаптар қоғамдық көлікпен 100% қамтылған.

Қазіргі уақытта күнделікті 916 автобус және 11 тасымалдаушы компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. 2024 жылғы 5 айда тасымалданған жолаушы саны – 36 738 679 құрайды. Сонымен қатар, жалпы автобустар саны резервпен қоса – 1140 болса, оның 640-ы газ метанмен, 464-і дизельмен және 36-сы бензинмен жүреді.

 

Оқылды 219 рет