Бейсенбі, 08 Тамыз 2024 22:29

Шымкент: "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясы басталды

Шымкент қаласында 2024 жылдың 1 тамызында «Мектепке жол» жыл сайынғы республикалық акциясы басталды.

Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көп балалы, тұрмысы жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.

Шымкент қаласында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген. 

2024 жылы  56 183  балаға көмек көрсетіледі.  Жоспарланған қаржы 2 400,9 млн.тенге (әр балаға 43 500 т).  

Бүгінгі таңда 3 406 балаға 156,7 мың теңге аударылды. Ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 30 мыңға жуық балаға қаржы аударылатын болады.  20 тамызға дейін барлық қаржы игерілетін болады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Шәмшиева Нұргүл Ақылбекқызы баяндады.

Бұл көмекті беруді мемлекеттік мектептерде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы  №64 Қаулысы негізінде «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» жүзеге асырылады. 

 

Оқылды 216 рет