Кеңестің күн тәртібінде Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс барысындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу және жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Аталған мәселе бойынша ең алдымен Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде МӘМС жобасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында талаптар сақталып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Шалхар Шерімов сөз алып, МӘМС жүйесі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Ол аталған салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты ешқандай дерек тіркелмегенін мәлімдеді.
Алайда, кеңес мүшелері МӘМС жүйесінің кемшілігінен азаматтардың түрлі бағыттарда кедергілерге тап болып жатқанын жеткізді. Мәселен, аудан, қалалардағы шаруалар міндетті сақтандыруды уақытылы төлемегендіктен банктегі есеп-шоттары бұғатталып жатқанын айтты. Алайда, сақтандыру қорына тиісті төлемді жасамаған жағдайда жоғарыда аталған мәселенің туындайтыны жөнінде алдын ала хабарланбаған.
Қоғамдық кеңес отырысында аталған мәселелер талқыға түсіп, тиісті шешімдер қабылданды.