Сейсенбі, 23 Шілде 2024 15:56

Түркістанда «Neke tour» республикалық байқауы ұйымдастырылды

Түркістан қаласында «Neke tour» республикалық байқауы өткізілді. Биыл екінші рет қатарынан ұйымдастырылған байқауға 100-ге жуық жұп өтінім жіберді. Байқауға ресми некедегі және өтініш берерде неке қию туралы куәлігі бар, жасы 18-ден асқан жұбайлар қатысты. Іріктелген 20 жұп «Шаңырақ», «Махаббат», «Ару», «Жанұя» номинацияларымен марапатталып, ұйымдастырушылар тарапынан түрлі сыйлықтарға ие болды.

Атап айтқанда, бас жүлде – «Шаңырақ» номинациясының иегері Түркістанға бару және қайту, қонақ үйде тұру, кешкі ас және фотосессия мен дәстүрге сай неке қиюға жолдама алды. Сонымен қатар өзге де номинацияға ие болған жұптар да белгіленген сый-сияпаттарға ие болды. Қатысушылар үшін киелі өңірде неке қиюдың барлық жөн-жоралғысы дайындалды.

Алғашқы күні қала имамдары жұптардың некесін қиып, отбасылық қадамдарына ашық жол тіледі. Халқымызда неке – қасиетті ұғым, беріктік шарты, отбасы құрудың негізі екенін алға тартып, отбасылық өмірде арадағы сыйластық, құрмет, адалдық қасиеттерін сақтаудың маңыздылығын айтты. «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының бас директоры Серік Сандыбаев қатысушылардың Түркістанда неке қиюға деген белсенділігіне алғыс білдіріп, екі күн қатарынан жас жұбайларды қызықты мәдени және экскурсиялық бағдарлама күтіп тұрғанын айтты.

Жалпы еліміздің түкпір-түкпірінен рухани мекенде неке қиюға ниет білдірушілер қатары аз емес. «Neke tour» неке қию рәсіміне Астана, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Атырау, Кентау және Түркістан қаласы мен облысынан өтінімдер келіп түскен болатын. Өтінім берушілер, өмірлеріндегі ерекше күнде рухани мекенде неке қию – көптен ойлаған тілектері екенін айтты. Өйткені жұптар тек некесін қиып қана қоймай, Түркістан облысының көрікті жерлеріне саяхат жасап, маңызды күнді есте қаларлықтай етіп өткізеді. Атап айтқанда, іс-шараның екінші күнінде танымдық және экскурсиялық бағдарлама ұйымдастырылып, қатысушылар Арыстан баб және Гаухар ана кесенесі мен Отырар қалашығы, Отырар музейінің тарихымен танысады. Аталған іс-шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп, өңірдегі салт-дәстүрлерді ұмыт қалдырмай және оған бүкіл ел тұрғындарын қатыстыра отырып, маңыздылығын сақтап қалу жоспарланған.

Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Дәстүрлі дінімізде де бұл туралы айтылған. Атап айтқанда, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.

Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Ал әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны ертеден белгіленіп, діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілгендіктен олардың отбасы баянды бола алды.

Неке қию рәсімі қалай орындалады дейтін сауалға жауап іздеп көрсек. Неке қию рәсімінің өзіндік мән-мағынасы, жөн-жоралғылары бар. Ежелден-ақ жас-жұбайлар некесін шариғат бойынша қиып шаңырақ көтеріп, отбасы атанған. Құдаласып, қалыңдықты өз жөн-жоралғысымен, салт-дәстүрге сай үйінен ұзатып әкелгенен кейін жігіттің үйіне молда шақыртып немесе мешітке барып неке қию рәсімін өткізетін болған. Негізінен бұл рәсім бүкіл үйлену салтынан бұрын не барлығы орындалғанан кейн де жүргізіледі. Ең бастысы алғашқы неке түніне дейін өткізілуі керек.

Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек. Екіншіден, жастардың некесіне куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адамдар. Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір).Қазақтың салтында некені қиюдан бұрын көптеген жөн-жоралғылар (атастыру, құда түсу, қалың беру т.с.с.) атқарылады. «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мәтелдер қазақ халқының некеге терең мән беріп, байсалдылықпен қарағанын байқатады.

Төртіншіден, отбасы құрғалы отырған қыз баланың ата-анасының ризашылығы. Яғни, қыздың некесі туралы ата-анасының хабардар болуы және рұхсат етуі. Ата-ананың рәсімде болуы немесе келіскендігі туралы кепілдігі (өкілі) болуы шарт. Бесіншіден, отбасы құратын жастардың алдына кесемен – тұз және қант қосылған су қояды. Бұл – жас-жұбайлардың өмірі тәтті, қайғы-мұңсыз болсын деген ниетпен жасалады. Кімде-кім жұбайына адалдығын бұзса неке суы соны қарғайды деп білген. Молда құран оқып өз жоралғыларын жасағанан кейін, куәгерлерді қатыстыра отырып дәстүрге сай қалыңдық пен күйеу жігіттің келісімін алады. Осыдан кейін молда кеседегі суды ерлі-зайыптыларға ішуге береді, кеседегі судан отырғандар да ауыз тисе болады.

Осы рәсімдер орындалған соң жастар естелікке заңды күші жоқ мынандай куәлік алады. Неке қию сәті аяқталған соң ерлізайырлы сипаттағы мемлекетімізде отбасындағы әрбір азаматтың өздеріне тиесілі құқықтары «Неке және отбасы құқығы» туралы Заңмен қорғалады. Қоғамдағы әлеуметтік институттардың бірі отбасы болса,  отбасының өзі — жеке бір тәрбие институты.  Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап адами құндылықтар мен ізгі қасиеттерді осы отбасында сіңіріп өседі. Ата­­-ананың баласына беретін тәрбиесінің орнын басқа ештеңе толтыра алмайды.

Некенің мақсаты: көзді  харамнан сақтау,иманын күшейту, дінінде бекем болу, некелесетін жарын бақытты етуді көздеу, серік болып өмір сүру. Өзін рухани тұрғыдан және зинаға түсуден, түрлі аурулардан сақтау. Ұрпағының текті болуы үшін текті-тақуа жар таңдау. Ұрпақ көбейту. Отбасын шариғат шеңберінде басқару. Текті сақтау бар. Қуаныш пен қиындықты бірге өткізу.

Қалыңдықтың қыз балалық қасиетін таза сақтап, заңды некеге дейін беті ашылмай құтты орнына қонуы қыз баланың жеке өз басынан тыс, туған елі мен ата-анасына үлкен абырой əперіп, болашақ отбасының тату-тəтті, бай-бақытты өмір өткізуіне берік негіз қалайды. «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға мың сан жерден сын» деп, үй лену тойымен «ақ неке түніне» ерекше мəн береді.

Неке қидыру үйленетін қыз бен жігіттің, яғни, бас құрап, өмірлік жар болуды ниет еткен ер мен əйелдің бір-біріне деген жауапкершілік, өзара аяушылық, бағыныштылық сезімін оятады. Сондай-ақ, ақ некеге адал болуға, махаббат-неке ісінің жеңіл-желпі қарауға болмайтын өте маңызды, адамгершілік пен ар-абыройға саятын қасиетті іс екендігін алғашқы адымда ұғындырады. Болашақ отбасының тату-тəтті, береке-бірлікті болуына рухани, идеялық жақтан негіз қалайды. Көңіл күйді орнықтырып, екі жасты бір мақсат, бір тілек те болға құлшындырады.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 53 рет