Сәрсенбі, 24 Шілде 2024 15:44

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың мәселелерін тыңдады

Түркістан облысын дамыту бағытында тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі. Сондықтан облыс әкімі мен орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес өңір халқын жеке қабылдап, ұсыныстарын қарауда. Бұл жолы тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов тыңдады.

Кездесуге келген азаматтар бірқатар мәселе көтерді. Басым бөлігі мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтуды сұрады. Оларға тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатқаны және баспана заң аясында тек кезек реттілігімен берілетіні айтты. Сондай-ақ жалдамалы пәтер ақысына мемлекет тарапынан субсидия алуға өтінім беру жолдары түсіндірілді. Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс орталығы Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам азамат тұр.

Түркістан қаласының тұрғыны үйіне газ тарту және жол салу мәселесін шешуді сұрады. Шардара ауданынан келген кәсіпкер наубайханаға газ тарту мәселесін көтерді. Алаяқтарға алданып қалғанын жеткізген азаматтар құжаттарды заңдастыруға ықпал жасауды сұрады. Кентау қаласының жанашыры халық демалатын саябақтарды іске қосуды, тазалыққа көңіл бөлуді, қоқыс жәшіктерін орналастыруды өтінді. Сондай-ақ жұмысқа орналасу, дүкен ашу, карьер, инфрақұрылымды жақсарту және тағы басқа мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды.  Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Жеке қабылдауда көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, орындалу барысы бақылауда болатынын айтты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Шенеуніктер алдына келген адамға шекесінен қарамай, қайта мәселесін шешіп беруге ұмтылуы тиіс. Президент Жолдауында айтылған пікір­ді міне, осы екі ауыз сөзге сый­ды­руға болады. Бізді қуантатыны, ай­тыл­­ған сөз іс жүзінде де жүзеге асып жатыр. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мем­лекеттік институттардың рөлін ны­ғайту, азаматтардың құқықтары мен бо­стандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңі­нен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеу­меттік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді.

«Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымзға ортақ міндет». Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаясси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», делінген жолдауда.

Иә,осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасады деген сенімдеміз. «Естуші мемлекетте» - ең басты орында халықтың мүддесі тұрады, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өз ара қарым-қатынас механизмі қалыптасқан болуы тиіс, халықтың мемлекеттің  қабылдаған шешімдеріне еш кедергісіз қатысуға мүмкіндігі болуы және осы шешімдерді қабылдарда өз пікірлерін де ашық жеткізе алуы тиіс.

Естуші мемлекет тұжырымдамасында мемлекеттік органдардың ең басты тапсырмасы- ол азаматтардың сұраныстарын қанағаттарындыра білуі керек. Естуші мемлекеттің мақсаты – ол азаматтардың өтініш-тілектерін жинап, қарастыру ғана емес, сол өтініштердегі мәселелерді шешу үшін азаматтардың өзін іске тарту және болашақта сол олқылықтардың болмауы үшін шаралар қолдану. Бұл тұжырымдама тек елдің астанасы не болмаса ірі қалалар аясында ғана емес еліміздің түкпір-түкпірін қамтиды.  Яғни шалғай ауылдардағы әкімдер болсын, мемлекеттік органдардың өкілдері болсын бұдан шет қалмайды. «Біз цифрлармен, фактілермен, іс - әрекеттермен сендіре отырып, азаматтардың сынына және сындарлы ұсыныстарына жедел ден қоя отырып, олардың сенімін қалпына келтіруіміз керек», - деп атап өткен еді Президентіміз.

Осы  «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» - тұжырымдамасын жүзеге асыру мемлекеттік органдар үшін  дәл қазіргі кезде қатты қиындықтар тудырмайды деген сенімдеміз. Өйткені қазіргі уақытта, барлығымыз дерлік ғаламторды қолданамыз, әлеуметтік желілерді кең көлемде пайдаланымыз. Мемлекеттік органдар, тіпті сол мемлекеттік органдардың өкілдері, басшылары әлеуметтік желілерде өз парақшаларын ашып, тіркеліп халық пен ашық диалог құруға ешкімде кедергі келтірмейді. «Халықпен тиімді кері байланыс орнату» - керектігін Президент өз жолдауында да тілге тиек еткен болатын. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» - делінген жолдауда.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 54 рет