Дүйсенбі, 29 Шілде 2024 11:43

Экология вице-министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Түркістан облысының тұрғындарымен және коммерциялық емес ұйымдарымен кездесуде Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев экология министрлігі жетекшілік ететін салалардың дамуы туралы айтып берді.

Түркістан облысындағы экологиялық жағдай тұрақты. Ағымдағы жылдың 6 айында, облыста зиянды заттар шығарындыларының нақты көлемі 23,5 мың тоннаны құрады, бұған табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру есебінен қол жеткізілді. Түркістан облысы бойынша экологиялық мәселелерді шешу бойынша Жол картасында 21 іс-шара көзделген.

Бүгінгі таңда ғарыштық мониторинг арқылы, Түркістан облысы аумағында рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 19 объект анықталды, оның ішінде 1 объект (5%) жойылды. Өңірде барлық қалалар мен аудан-дарда бөлек жинау енгізілді, сондай-ақ /ТБО-ны/ ҚТҚ-ны қолмен сұрыптау жүзеге асырылуда.

Өңірде коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды жүзеге асыратын, қалдықтарды (пластмасса, полиэтилен, шыны сынықтары, түсті, қара металдар, картон, қағаз, макулатура қалдықтары) бөлек жинаумен, сұрыптаумен айналысатын 17 кәсіпорын жұмыс істейді. ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес облыстың барлық аудандық және қалалық әкімдіктері коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарлама-ларды әзірлеп, бекітті.

Облыс әкімдігі қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, облыстық мәслихатпен бекітілді. 3 жылдық іс-шаралар жоспарында бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қоршаған ортаны жақсарту шаралары қарастырылған. Орман шаруашылығы саласында Президенттің 2 млрд. ағаш отырғызу бастамасы аясында, биыл облыста 25,6 млн. дана ағаш 15,5 мың гектар жерге отырғызу жоспарлануда. Жыл басынан бері 2 мың гектар алқапқа 4,2 млн. дана ағаш егілді. Сондай-ақ, кездесу бағдарламасында өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары үшін жеке қабылдау және брифинг көзделген.

Биыл сәуір айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде дәл осы экологияға қатысты проблемалар көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланған болатын. Сол жиналыста облыс басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасап, нақты тапсырмалар берген еді.

– Өңірдегі экологиялық мәселелер жауапты басқармалар мен аудан, қала басшыларының немқұрайлылығынан туындап отыр. Жұмысты күшейту керек. Қатты қалдықтар тастайтын қоқыс полигондарын реттеңіздер. Моншалар мен нысандардан шығатын кәріз су мәселесін түбегейлі шешу қажет. Зиянды қалдықтарды тастатпау үшін ірі зауыттардың жұмысын қадағалауды тапсырамын, – деген болатын Дархан Сатыбалды.

Жалпы басқа өңірлермен салыстырғанда Түркістан облысындағы экологиялық жағдай салыстырмалы түрде қолайлы. Облыс аумағында 558 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Жалпы 1 санатқа жататын 122 оператор қызмет атқарады. Оның ішінде уран өндіру кәсіпорындары, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, коммуналдық мақсаттағы объектілер, құрылыс объектілері және тағы басқалары бар. Арыз-шағымдар бойынша 109 тексеру жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде 431 жеке және заңды тұлғаға 2 млрд 120 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Кей аудандарда атмосфералық ауаға шығатын шығарындылардың шекті нормадан асып кету дерегі мен су объектілерінің ластану фактілері анықталған. Түркістан облыстық экология департаменті қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының экологиялық талаптарының сақталуын қатаң бақылауда ұстауда.

Түркістан облысы уран өндіруден көш бастап тұр. Алайда департамент тарапынан жүргізілген тексеру жұмыстары кезінде, уран өндірушілердің кен орындарында күкірт қышқылдарының заңсыз төгілу деректері орын алған. Ол бойынша айыппұл салынып, бүлінген жерлерге тазалау, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы ұйғарымы берілген. Қазіргі таңда, ластанған жердің аумағы толықтай тазаланды. Сынақ зертханасы аккредиттеу аттестаты және прекурсорлар мен улы химикаттардың айналымына байланысты қызметті, лицензия негізінде жүзеге асырады. Департаментпен ауадан, судан және топырақтан 223 сынама алынып, 13 жоспарлы және 61 жоспардан тыс мониторинг, 1479 анықтау жүргізіліп, 325 шекті нормативтерден асу фактісі анықталған.

Экологиялық реттеу және бақылау комитеті және «НК «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ Түркістан облысының әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесіп, облыс аумағында қалдықтарды рұқсатсыз орналастырудың алдын алу бойынша Жол картасын және оны іске асыру алгоритмін әзірлеген. 2023 жылы облыс аумағында 414 бейберекет қоқыс орындары анықталып, толықтай тазалау жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде экологиялық проблемалар мен оларды жұртшылықпен, әсіресе, өңірдегі экобелсенділермен шешу мақсатында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің бекітуімен 2024-2026 жалдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы қайта жандандырылуда. Оның ішінде Арыс қаласы, Бәйдібек, Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы аудандарындағы елді мекендерді газға қосу, коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, бекіту, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 2 млрд ағаш көшетін егу, Кентау мен Сарыағаш қалаларындағы КТИ (КОС) құрылысын жүргізу сынды жоспарлар бар.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 58 рет