Аталған орталықтар Отырар, Жетісай, Сайрам, Сарыағаш, Сауран, Қазығұрт, Шардара, Келес аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері жанынан ашылған. Онда аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға психологиялық қолдау, құқықтық көмек көрсетіледі. Оған қоса «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу» секторлары арқылы азаматтарға психологиялық сүйемелдеу, кеңес беру, бағдарлау қызметтері көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері аталған бағытта 348 арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жалпы саны 2 658 адам қызметтермен қамтылған. Оның ішінде 565 адам тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша жүгінген.
Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторлары арқылы анықталған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге үкіметтік емес ұйымдар қызмет көрсетеді. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, Әсия Темірбаева мәлімдеді. Басқарма басшысының сөзінше, Тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға «Отбасын қолдау орталықтарында» бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігі беріледі.
– Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бағытында жұмыс істейтін «Сенім-ай» Қоғамдық бірлестігі, «Жігерлі жүрек» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2017 жылдан бастап, басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде қызмет көрсетіп келеді. Бұл орталықтардың сыйымдылығы 50 адамға шақталған. 2024 жылдың 5 айында секторларда өмірлік қиын жағдайдағы 1 396 адамға оның ішінде аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған аналарға қызмет көрсетілген, – дейді басқарма басшысы.
Орталық некені және отбасыны сақтау, отбасылық жанжалдардың алдын алу шаралары бойынша қызмет көрсетеді. Сондай-ақ әйелдерге ақпараттық, заңгерлік, психологиялық қолдау, жұмысқа орналасуға, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға көмек көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға жәрдемдесу, мемлекеттік қолдау шаралары мәселелері бойынша кеңестер беру шаралары ұсынылады.
Гендерлік зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық ден қою бойынша Түркістан облысының тәжірибесі Қазақстанның басқа өңірлеріне де үлгі ретінде таратылуда. Бұл жүйе 2017 жылдан бастап Түркістан облысында пилоттық режимде енгізілген. Жыл басында осы мақсатты жүзеге асыру үшін семинарлар да ұйымдастырылған болатын. Семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметін институттандырудың практикалық мәселелері талқыланды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбілдің айтуынша, 2025 жылдың аяғына дейін өңірдегі барлық аудандарда Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды оңалтуға арналған «Отбасын қолдау» орталықтары ашылмақ. «Түркістан қаласында көпбалалы аналарға, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында «Қамқорлық» жанұя орталығы ашылған болатын. Былтыр орталық психологиялық қолдау, құқықтық жәрдем сынды жалпы 10 бағыт бойынша 2 568 адамға қызмет көрсеткен.
Одан бөлек, облыстың барлық аудандарында «Қамқорлық» секторлары ашылады. Сонымен қатар, облыста тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 210 адамға дағдарыс орталықтары әлеуметтік қызметтер көрсеткен. Қазіргі таңда, облыста 183 мыңнан аса көпбалалы ана бар. Оның ішінде 17 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері, 43 мыңнан аса «Күміс алқа» иегері саналы ұрпақ өсіріп жатыр. Өңірде 2023 жылы 54 498 сәби дүние есігін ашқан. Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның өз шаңырағы.
Түркістан өңірінде халықтың тығыздығына байланысты әлеуметтік жағдайы төмен көптеген ата-ана баланың материалдық жағдайын жақсартамын деген оймен өзге өңірлерде маусымдық жұмысқа барады. Осылайша бала тәрбиесі ата-ене мен мектептің мойнына жүктеледі. Өкінішке қарай, қоғамда осы санаттағы отбасы балаларына қатысты келеңсіз оқиғалар жиі кездеседі. Мемлекет балалардың құқығын қорғау, оларға жағдай жасау мәселесін басты назарда ұстап келеді. Биыл өңірде отбасы рөлін күшейтуге бағытталған түрлі жобалар іске асырылатын болады.
Айта кетсек, облыста «Қауіпсіз мектеп» жобасы негізінде барлық білім ұяларының аумақтарына арнайы қоршау орнатылған. Сондай-ақ, мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Осы жұмыстардың нәтижесінде балаларға қарсы жасалған қылмыстар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат