Түркістан облысына сұйытылған газ Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауытынан тасымалданады. Облыс бойынша газ жетіспеушілігі байқалған. Оның себептерінің бірі ретінде «Павлодар мұнай химия зауыты» ЖШС-нің жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тоқтауына байланысты екендігі айтылды. Мәселен, Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауыты бұған дейін 4 облысты газбен қамтыса, қазіргі уақытта 8 облысты, яғни ШҚО, Абай, Жетысу, Алматы облыстарын қоса қамтып отыр. Сонымен қатар, 25 маусым Түркістан облысы Түлкібас ауданы территориясында жүк вагондарының рельстен шығып кетуіне байланысты Ақтөбе мұнай газынан келетін 2 000 тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу кейінге шегерілген болатын. Тасымалдау жұмыстары осы жылдың 1 шілдесінен бастап жүргізілетін болады.Жиын барысында Зұлпыхар Жолдасов газ өндіруші зауытқа жоспарға сәйкес өнім көлемімен қамтамасыз етуді, ал «Қазақстан Темір Жолы» ЖШС-не өндірілген газды тасымалдаушы ұйымдарға мезгілінде жеткізу бойынша шұғыл тапсырмалар жүктеді.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің облыстағы департаменті газ сатылымын әдейі шектеп отырған фактілерді анықтау бойынша облыстағы құқық қорғау органдарымен бірлесіп, мониторинг жұмыстарын бастады. Облыстағы газ мәселесін жедел шешу мақсатында 28 маусымда «Тенгизшевройл» ЖШС-нен қосымша 2000 тонна сұйытылған мұнай газы бөлініп, қазіргі таңда газ құю бекетіне жеткізілуде. Сондай-ақ, 30 маусымнан бастап Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstanOilProducts» ЖШС зауытынан шілде айына қаралған 10 512 тонна сұйытылған мұнай газды жеткізу басталды. Ал бүгін 432 тонна сұйытылған мұнай газ Түркістан облысына жеткізілуде.Одан бөлек, ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облысқа шілде айына қосымша 600 тонна газ көлемін бөлу жоспарланып отыр. Мәселе тұрақты бақылауда.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат