Қазақстанның ерекшелігі көп этностық, көп тілді және көп конфессионалды болғандықтан, бүкіл посткеңестік елдері сияқты, исламмен қатар басқа діндер де жаңғырып дамуда. Cондықтан қазіргі таңдағы дәстүрлі діндер мемлекеттің, елдің тұрақтылығын сақтауына негіз бола отырып, «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі» діни конфессиялар арасында рухани келісімді, халықтар арасындағы бірлікті нығайтуға себеп болады.
Елімізде өз жұмыстарын іске асырып отырған діни ағымдар екі негізден тұрады:
1. Ислам кұрамында, мұсылман қауымдарда пайда болған діни-философиялық, саяси ағымдар.
2. Христиандық ілімнен бастау алатын, харизматикалық кейбір діни сипаттағы ағымдар.
Діни ұйымға немесе бірлестікке мүше болып кірген азаматтар үшін қоғам бұдан былай «біз» және «басқалар» болып шыға келеді. «Біз» дегені өзімен пікірлес ұйым мүшелері, ал «басқалар» дегені сіз бен біз, яғни олардың идеологиясын қолдамайтын өз еліміздің азаматтары. Сондықтан олар мемлекет идеологиясына, бірлік саясатына қарсы. Осыншама уақытқа дейін қазақ елінің жерінде өсіп-өніп, білім алып, кәсіп қылып, асын ішіп, нанын жеп келген азамат бүгінде жат елдің, теріс ағымның күйін күйіттеп шыға келеді. Мұндай сипаттағы адамдарға «Асыңды ішейін, ыдысыңды тебейін» деп бекер айтпаса керек. Бұл айтылған жағдай барлық дерлік деструктивті, жат пиғылды ағымдар үшін ортақ белгілер. Шын мәнінде сырттан келген келімсек бір ағым, жат идеология бір елдің көркеуюіне, қоғам өмірінің жақсаруына жаны ашып, қаншалықты көмек берері анық? Егер олар расында да адамдарды жарылқайтын болса, неге өз мемлекеттерінде іске асырмайды? Олардың экономикалары жетілген, қоғам мүшелері рухани кемелді ме? Материалдық және рухани жәрдемге мұқтаж адам қалмаған ба? Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда теріс ағымның жетегінде кеткен қаншама отбасы мүшелері бар.
Сол себепте қазіргі уақытта алаңдататын жайт, мектеп оқушылары мен студент жастарымыз жат ағымның қармағына тез ілініп, соның салдарынан ата-ана, ұстаздары мен елінің ұстанымына қарсы шығуы. Сол үшін ата-ана балаға ұлттық болмысы мен құндылықтарға дұрыс бағыт беру қажет. Ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдалануы мүмкін.
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» деп бекер айтпаған. Ғибратты сөз, ақыл айтатын адам өмірді көрген жасамыс, білімді, ой-өрісі де биік қариялар мектебін дамыту қажет. Анасының құрсағынан шықпай жатып уағыз, ақыл айтушылар көп. Ер не әйел демей, екінің бірі ертелі-кеш сарнай берсек, ұлттық иммунитетіміздің қасиеті кетеді.
«Жат ағымдардың қоғамға тигізетін зияндарының» өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтсек:
- әлеуметтік тұрғыдан өзара көмек және қолдау көрсету;
- кішіпейілділік және тәуелсіздік сияқты құндылықтарды қолдай отырып, өз көзқарастары мен идеологияларын таратуға тырысу;
- кез келген жердегі мұқтаждық, жұмыссыздық, сауатсыздық және панасыздық сияқты әлеуметтік және экономикалық проблемаларды пайдалану;
- осы жердегі халықтардың, басынан кешіріп отырған қиын жағдайларды пайдалана отырып, өз қатарларына тартуға тырысу;
- әлеуметтік жағдайы нашар, ұлттық және рухани құндылықтарынан бейхабар жастарды өздері үшін мақсатты түрде миссионерлерге айналдыру;
- мемлекеттік төңкеріс, қайта құрулар болып жатқан елдерде жан-жақты ұйымдасу жұмыстарын жүргізу.
Тағы олардың келтірер зияндары біріншіден, олар тарататын ілім ең соңғы ақиқат деп есептеледі, кез келген аймақта «руханилықты» (өз діндерін) таратуды талап етеді, дәстүрлі діндерге және әр елдің ұлттық-рухани құндылықтарына агрессиялық төзімсіздік немесе немқұрайлы қарым-қатынас жасауы. Екіншіден, сырттай өнегелі, ең мейрімді болып, өздеріне тартатын атпен көзге түседі. Олар өздерінің шынайы мақсаттарын, қызметтерінің нәтижесін жасырын ұстауы. Үшіншіден, дәстүрлі діндердің киелі кітаптарын мақсатты түрде бұрмалап, оларды өз догматтары ретінде қолдануы. Төртіншіден, «психотехнология» әдісін қолдану және өз мүшелерін басқа мәлімет көзінен қиып тастау. Содан соң әр адам сектаға жаңа мүше жинауға міндеттеледі.
Қорыта келе, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз айтатындай, аспай-саспай, жаман жерді баспай жүрейік. Үлкеніміз – үлкендіктің, кішіміз кішіліктің жолын білейік.
Қ.Салықбаев,
Түркістан облыстық дін істері басқармасы
«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің басшысы