Сейсенбі, 20 Тамыз 2024 18:16

Шымкент қаласындағы қоғамдық орындар тегін wi-fi желілерімен қамтылуда

Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және заманауи технологияларды пайдалану мақсатында қоғамдық орындарды тегін Wi-Fi желілерімен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2023 жылы бұл бастама аясында қаладағы 20 қоғамдық орынға - 55 Wi-Fi құрылғысы орнатылған болатын. Ағымдағы жылы қосымша тағы 5 қоғамдық орынға - 15 Wi-Fi құрылғысы орнатылып, жалпы саны - 70 Wi-Fi құрылғысы іске қосылды. Бұл қала тұрғындарына кез келген қоғамдық орында интернетке оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Тегін Wi-Fi желілері қала тұрғындары мен қонақтарына көптеген артықшылықтар ұсынады. Олар қоғамдық көліктерде, саябақтарда, алаңдарда, мәдени орталықтарда және басқа да орындарда интернетке қосылып, қажетті ақпаратты жылдам алуға, жұмыс істеуге, білім алуға, немесе жай ғана әлеуметтік желілерде уақыт өткізуге мүмкіндік береді. Қаламызда Бәйдібек би, Әкімдік алаңы, Аэропорт, Дендросаябағы, Нұрсат аллеясы, Назарбеков көшесіндегі гүлзар т.б. жерлерге орнатылды.

Сонымен қатар, қала тұрғындары үшін «2GIS» қосымшасында арнайы бөлім енгізілді. Бұл бөлімде жедел қызметтердің байланыс нөмірлері, олардың орналасқан жері және қаладағы тегін Wi-Fi желілері туралы толық ақпарат көрсетілген. Мұндай шешім қала тұрғындарының қажетті ақпаратқа жылдам қол жеткізуін жеңілдетеді және қаланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға септігін тигізеді.

Тілге тиек етейік, қалада «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын іске асыру арқылы 2027 жылға дейін жылдамдығы жоғары интернетпен қамту деңгейін 100 пайызға дейін жеткізуге және елдің өңірдегі цифрлық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.  мониторингтеу нәтижесінде шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы 50 нүктеде интернет сапасының төмендігі анықталған. Тест драйв жүргізу барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін мобильді операторлар 14 аумақта антенна-мачталық құрылғы қойып, 13-не базалық станция орнатыпты. Қаладан шалғай орналасқан 20 елді мекенді талшықты оптика желісімен қамту жұмыстары жүргізіліп, 210 000-ға жуық қала тұрғындарына жоғарғы жылдамдықты оптикалық интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалған. Биыл тағы 20 елді мекенге талшықты оптика желісін жүргізу үшін жеке инвесторлармен меморандум түзілгенін атап айтқан жөн.

Оқылды 78 рет