Жұма, 23 Тамыз 2024 09:03

Шымкенттен Солтүстікке қоныс аударушыларға 70 АЕК мөлшерінде қаржылай қолдау көрсетіледі

Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарының өкілдері Шымкент тұрғындарымен кездесіп, ерікті түрде қоныс аудару және өңіраралық жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат берді.

 Жиын барысында солтүстік аймақтардың географиялық артықшылықтары, инфрақұрылымдық жағдайы, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мүмкіндіктері талқыланды. Павлодар облысында мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасалған болса, Солтүстік Қазақстанның құнарлы топырағы егіншілік пен жылыжай шаруашылығын дамытуға таптырмас мүмкіндік береді.

Ерікті қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек ұсынылады. Бағдарламаға қатысушы әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) көлемінде бір реттік төлем жасалады, сондай-ақ бір жыл бойы жалдамалы пәтер ақысы субсидияланады. Сонымен қатар, «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» арқылы қоныс аударушылар баспана мәселесін шешуге мүмкіндік алады.

Сертификат бағдарлама қатысушысына тұрғын үй құнының 50 пайыз мөлшерінде, бірақ 4 282 720 теңгеден (1160 АЕК) аспайтын мөлшерде беріледі.

Солтүстік өңірлерге қоныс аудару – тұрақты жұмыс тауып, жаңа бизнес бастауға ниетті азаматтар үшін үлкен мүмкіндік.

Айта кетейік, Шымкентте алғашқы жарты жылдықтың қорытындысымен 54 отбасындағы 179 адам солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аударды.
Атап айтқанда – 20 отбасы Павлодар облысына, 29 отбасы Солтүстік Қазақстан облысына, 1 отбасы Абай облысына және 4 отбасы Шығыс Қазақстан өңіріне жайғасты.
Қоныс аударған 179 адамның 94-і еңбекке қабілетті. Қазіргі сәтте оның 67-сі тұрақты жұмыспен қамтылып, 8 адам кәсіпкерлікпен айналысуда, 14 адам үй шаурусында болса, қалған 8 қоныс аударушыны жұмыспен қамту шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде.

 

Оқылды 129 рет