Жексенбі, 25 Тамыз 2024 18:09

Шымкентте Ұлттық жоба аясында 18 мектеп салынып жатыр

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының құрылыс басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары туралы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында айтылды. 

Бүгінгі күнде қаламызда білім беру мен мәдениетті дамыту бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Ұлттық жоба аясында 18 мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл қала тұрғындарының болашағына жасалған инвестиция, әрбір балаға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

2024 жылы 11 жаңа мектептің құрылысы аяқталмақ. Бұл 15 800 оқушыға сапалы білім беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ал 2025 жылы тағы 7 мектеп өз есігін ашады. Сонымен қатар, 7 жаңа білім нысанының құрылысы да жоспарланған. Бұлар – қаладағы білім беру инфрақұрылымын күшейтетін маңызды нысандар.

Қалада 5 мәдениет үйінің құрылысы да жүргізілуде. Бұл нысандар Шымкент тұрғындарына мәдени демалыс пен шығармашылықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. 2024 жылдың соңына дейін 4 күрделі жөндеу нысаны пайдалануға берілмек. Бұл біздің қаланың білім беру және мәдениет саласындағы сапалы өзгерістерге деген адалдығымызды көрсетеді.

Білім – болашақтың негізі! Шымкент қаласының жаңа мектептері мен мәдениет нысандары жас ұрпақты тәрбиелеуге, олардың дамуына және қала тұрғындарының мәдени өмірін байытуға бағытталған.

Жиында қаламызда 13 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқаны да айтылды.  2024 жылы бұл нысандардың 11-і пайдалануға берілмек. Қаланың әр ауданында жаңа инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы арта түсуде.

Қала бойынша инфрақұрылымдық жобалар:

• Бозарық ш/а: 8 нысан;

• Тұран ш/а: 3 нысан;

• Әкімшілік іскерлік орталығы: 1 нысан;

• Ақжайық ш/а: 1 нысан.

2024 жылы келісім шарт талаптарын орындамаған мердігерлер мен техникалық бақылаушыларға 5,5 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, «Корпорация Сити-строй» ЖШС мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылды. Бұл қала инфрақұрылымының сапалы әрі уақытылы дамуына ықпал ететін маңызды шаралар.

2025 жылға өтпелі 1 нысан мен тағы 2 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. Бұл қаланың инфрақұрылымын дамыту бойынша ұзақ мерзімді және тұрақты жоспарлар бар екенін көрсетеді.

Оқылды 100 рет