Бейсенбі, 29 Тамыз 2024 18:11

Шымкентте су және кәріз тарифтерін төмендету жұмыстары жүргізіледі

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласындағы бұрын жекешелендірілген стратегиялық сумен жабдықтау және су бұру объектілерін мемлекет меншігіне қайтару» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында сөз болды.

 

Шымкент қаласында су мен кәріз тарифтері басқа республикалық маңызы бар қалалармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. 2003 жылы қабылданған Су кодексіне сәйкес, қалаларды сумен жабдықтау мен су бұру жүйелерінің құрылымдары мемлекет меншігінде болуы тиіс және жекешелендіруге жатпайды. Алайда, Шымкентте тарифтердің жоғары болуы және сапасыз қызмет көрсету мәселелері күн тәртібінде тұр.

Шымкентте су тарифі тұрғындар үшін шамамен 97 теңге болса, Астанада бұл көрсеткіш 65 теңге, Алматыда 55 теңге. Осыған ұқсас, кәріз тарифтері де жоғары: Шымкентте тұрғындар үшін 51 теңге, Алматыда 25 теңге, Астанада 26 теңге. Бюджеттік ұйымдар үшін кәріз тарифі Шымкентте 415 теңге, Астанада 281 теңге, Алматыда 81 теңге. Бұл айырмашылықтар тұрғындардың қаржылық жүктемесін арттыруда.

Сондай ақ, сарқынды судың жағымсыз иісі туралы тұрғындардан көптеген шағымдар келіп түсуде. Бұл «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің сарқынды суды тазарту және шығару жұмыстарының төмен сапасын көрсетеді. Мұндай мәселелер тұрғындардың денсаулығына және экологиялық жағдайға кері әсерін тигізуі мүмкін.

Шымкент қаласының әкімдігі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін мемлекет меншігіне қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл шара тарифтерді төмендетуге және қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік меншіктегі нысандар тарифтік шығындарды тиімді бақылауға және жүйелі жұмыстар жүргізуге жол ашады.

Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан аталған шаралар арқылы су мен кәріз жүйесінің тиімділігін арттыру және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделуде.

Оқылды 152 рет