Сейсенбі, 03 Қыркүйек 2024 15:24

Шымкентте взвод командирлерімен оқу-әдістемелік жиын басталды

Шымкентте 6506 әскери бөлімі «Ақтас» оқу орталығының базасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен 6654 әскери бөлімінің взвод командирлерімен және 2023 жылғы жоғары әскери оқу орындарының түлектерімен оқу-әдістемелік жиыны басталды. 

ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситниковтың басшылығымен өтіп жатқан жиынға Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда және Талдықорған қалаларынан 60-қа жуық кіші офицерлер қатысуда.

Жүктелген міндеттерді уақтылы және нәтижелі орындау үшін жеке құрамның кәсіби дағдыларын жетілдіру жиынның басты мақсаты болып табылады.

Бес күн ішінде жиынға қатысушылар жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндері бойынша дәріс және практикалық сабақтарға қатысатын болады. Атап айтқанда, бұл атыс дайындығы, саптық дайындық, әскери техниканы жүргізу және тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша. Сондай-ақ, жиын барысында офицерлер басшылық құжаттардың талаптарын меңгеріп және дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтер тапсырады.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Ұлттық ұланда командирлердің рөлі нығайып, оларға тәрбиешілермен қатар жеке құраммен жұмыс істеу бойынша күрделі міндеттер жүктелуде. Әскерде взвод командирі өзінің шағын әскери ұжымында оқу процесін ұйымдастырады. Бейбіт және соғыс уақытында ол взводтың жауынгерлік дайындығына және оның жауынгерлік міндеттерді ойдағыдай орындауына, жауынгерлік даярлыққа, тәрбиеге, әскери тәртіпке және жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайына, сондай-ақ қару-жарақтың, әскери техниканың сақталуы мен жай-күйіне жауап береді.

Жиын 6 қыркүйекте қорытындыланады, онда жоғары нәтиже көрсеткен офицерлер «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әміреевтің құқығымен көтермеленетін болады.

Оқылды 118 рет