Жиында ҚР президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі халыққа жолдауы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сәрсен Абайұлы мен Бахадыр Нарымбетов ел үшін жасалып жатқан маңызды қадамдарға тоқталып өтті.
– Бұл жолғы жолдау елдегі қаржы саласындағы маңызды реформаларға түрткі болмақ. Әсіресе, ел экономикасын көтеру бағытында заң жүйесін жақсартуға көңіл бөлінбек. Осы ретте, ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін жаңадан банктер туралы заң қабылданады. Ондағы ескерілуі тиіс бірінші мәселе, тұтынушылық несие емес, кәсіпкерлікке берілетін несиенің үлесін арттыру болып отыр. Еліміздегі екінші деңгейлі банктер ұсынатын несиенің пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары екенін жақсы білеміз. Мысалы, тұтынушылық несиелердің жылдық тиімді пайыздық мөлшерлемесі 56 пайызға дейін жетеді. Яғни, егер банктен немесе шағын қаржы ұйымынан несие алған болсаңыз, сол алған қарыздың үстіне 56 пайызға дейін қосып қайтарасыз. Осыдан кейін қарыздың қамытына оранған халық, алған соманы еселеп қайтаруына тура келеді. Мысалы, елімізде 10 млн экономикалық белсенді халықтың 8 млн-да несие бар. Оның 50 пайыздан астамында несие тарихы нашар екен. Жалпы алғанда банктердің жаппай халыққа несие беруінің тағы бір салдары шағын кәсіпкерлер көлеңкеде қолып қойды. Сондықтан шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін екінші деңгейлі банктерде жаңа экономикалық несие саясаты жүргізетін уақыт келді,-деді Бахадыр Нарымбетов.
Жолдауға қолдау білдіруге келген Шымкенттік ардагерлер арасында пікір алмасу болды. Бұған дейінгі маңызды шешімдерді оңтайлы қабылдаған президенттің бастамаларына қолдау білдіретіндіктерін айтты.
Жиын барысында, зейнеткерлерге жасалынған мүмкіндіктер туралы да сөз болды. Шымкент қалалық әлеуметтік мәселелер және жұмыспен қамту басқарма басшысы Жанат Өтебаева бүгінге дейінгі атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Басты міндет – ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту. Осы тұрғыда қаржылық көмек көрсетілді. Мәселен, биылғы жылы 7 000 ардагерлер мен зейнет жасындағы зейнеткерлерге санаторлық-курорттық емделуіне 5 000 жолдама мемлекеттік сатып алу тәсілімен, ал 2 000 жолдама «Ізетті зейнеткер» мемлекеттік мекемесіне жыл соңына дейін жолдама берілуде. Былтырғы ардагерлердің Пленумда ұсынған мәселелеріңіз бойынша бір қатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда санаторлық-курорттық жолдамалар күні 6 күннен 10 күнге ұлғайтылды,-дейді Жанат Өтебаева.
Шара соңында Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ардагерлерді 6 қазан күні өтетін жалпы халықтық референдумға бір ауыздан қатысуға шақырды.