Жалпы, департаментпен 2024 жылдың 8 айында 23 жоспардан тыс тексеру, оның ішінде профилактикалық бақылау –7, талаптарға сәйкестігі – 6, жоспардан тыс –10 тексерістер жүргізілген.
– Тексерулер нәтижесінде жалпы 55 әкімшілік іс қозғалып, оның 48 әкімшілік іс бойынша жалпы сомасы 170,5 млн теңгеден аса айыппұл салынды, 1 әкімшілік іс сотта қаралуда. Ол күкірт шикізатына қатысты «KMG Supple Company» ЖШС, 2 әкімшілік іс бойынша қылмыстық құрамы бар жоқтығын анықтау мақсатында Шымкент қалалық Полиция департаментіне іс-құжаттар қаралуда. Тексеру нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама жолданды. Қазіргі таңда, ауаның ластану 4 деңгеймен сипатталады: ластанудың өте жоғары деңгейі, жоғары деңгейі, көтеріңкі деңгейі және төменгі деңгейі. Шымкент қаласы қазіргі уақытта көтеріңкі деңгейде тұр. Тексеру барысында анықталған негізгі бұзушылықтар: экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеу, ластаушы заттарды тазалалау қондырғыларсыз, фильтрлерсіз тыс ауаға тастау, рұқсаттарда ескерілмеген қосымша ластау көздерін пайдалану және белгіленген мөлшерден жоғары көлемде ластаушы заттарды ауаға тастау болып табылады. Аталған бұзушылықтар қаладағы ауа сапасының төмендеуіне әкеліп соқтыруда, – дейді Ермахан Тастанбекұлы.
Департамент тарапынан ластау көздерін анықтау бағытында жұмыстар тұрақты атқарылып тұрады. Тексеру саны, тексеру сапасының деңгейі жылдан жылға артуда. Бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында "Қазақстан Ғарыш Сапары "ҰК" АҚ өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру орындарының ғарыштық мониторингінің ағымдағы жылдың маусым айының деректеріне сүйеніп, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын 8 нүкте анықталып, аудан әкімдіктерімен барлық нүктелер тазартылған. Тамыз айында рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жаңартылған қосымша 14 нүкте анықталып, қазіргі уақытта аудан әкімдіктері тазарту жұмыстары жүргізілуде екен. Сондай-ақ стихиялық қоқыстарды жою бойынша рейдтер жүйелі түрде жүргізіледі. Департамент тарапынан қала прокуратаурасымен және жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, 17 стихиялық қалдықтар рұқсатсыз орналастыруды жою бойынша шаралар қабылданып, нәтижесінде 17 стихиялық орындар жойылған.
Департаменттің жұмысының басым бөлігін қала тұрғындарынан түскен арыз-шағымдар, әлеуметтік желідегі жарияланымдарды қарауға бағытталып отыр. Департамент басшысының аайтуынша арыз шағымдар негізінен тұрғын үйлер арасында мал ұстау, көршілердің қалдықтарды өртеуі, монша, темір қабылдау пунктері, түнгі мезгілде қала аумағында жағымсыз иістің шығуы, суды, топырақты ластау, өндіріс орындарының шамадан тыс ластап жатқандығы, қалдықтардың бей-берекет орналасуы, қоқыс контейнердегі және көше бойындағы қоқыстар уақытылы алынбауы, кәріз суларынан шыққан жағымсыз иістер бойынша түседі екен.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте жыл сайын бүкіл әлемде “World Cleanup Day” акциясы өтеді. Акция республиканың барлық өңірлерінде өткізілетін болады.
Біз барлық азаматтарды акцияға белсенділік танытып, қоршаған орта тазалығы үшін өз үлестерін қосуға шақырамыз.