Жәрмеңке аясында әртүрлі салада қызмет ететін жас кәсіпкерлер өздерінің қолдарынан шыққан дүниелерін көпшілікке ұсынды. Жәрмеңкеге келушілер дені студент жастар болды. Олар түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалап, өзіне қажеттісін сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкеге қатысқан 60-қа жуық кәсіпкер өзара ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жағдай жасалды.
-«Мүмкіндіктер алаңы» жәрмеңкесі жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің, олардың әлеуетін ашудың және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады, – дейді Жастар ресурстық орталығы талантты жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қуаныш Серікбаев.
Жәрмеңкеде әсем әшекейлер мен тоқыма бұйымдарынан бөлек дәмді жеміс-жидектен жасалған пастила өнімінің дәмін көрдік. 2022 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған Әсем Қоштаева пастила жасау кәсібін әлеуметтік желі арқылы сатып, пайдасын көріп отыр. “Жас кәсіпкерлерді қолдау, оларды таныту мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкенің берері көп. Үнемі бізді ұмытпай шақырып тұрады. Келешекте кәсібімді ұлғайтсам деген ниетім бар” дейді жас кәсіпкер.