Дүйсенбі, 23 Қыркүйек 2024 22:17

Шымкентте лифтілердің жаңартылуы мен қауіпсіздігіне басымдылық берілуде

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының 2024 жылдың 8 айында атқарылған жұмыс қорытындылары туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясында айтылды.

Шымкент қаласында лифтілердің қауіпсіздігі мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Қалада жалпы 1233 лифт бар, оның ішінде 941-і тұрғын үйлерде, 58-і денсаулық сақтау мекемелерінде, 50-і мектептерде, ал 184 лифт сауда орталықтары мен қонақ үйлерде орналасқан.

2024 жылдың басынан бері 70 лифтке комиссиялық сынақтар өткізіліп, 69 лифт ресми тіркеуге қойылды. Қазіргі уақытта жүк көтергіш құралдарды тіркеу «Egov.kz» порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылуда.

Лифт шаруашылығының жаңғыртылуы да назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жергілікті бюджет есебінен ағымдағы жылы 24 лифтіні жаңарту жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС жауапты.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсетуші мекемелердің жауапкершілігін арттыру мақсатында, тұрғындардан келіп түсетін шағымдар мен өтініштер «Айкөмек 109» байланыс орталығымен интеграцияланған. Нәтижесінде, лифттердің тоқтап қалуы немесе ішінде адам қалып қою жағдайлары тіркелген жағдайда, қызмет көрсетуші мекемелер жедел әрекет етіп, мәселелерді уақтылы шешуге міндеттелген.

Қала әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын басты назарда ұстап отыр.

Оқылды 183 рет