Жексенбі, 22 Қыркүйек 2024 23:30

Дүниежүзілік тазалық күнінде Қошқар ата өзенінің бойы тазаланды

«Таза Қазақстан – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама». Мемлекет басшысы Жолдауда осылай деді. Елімізде көктемнен бері жалпыұлттық экологиялық акция жүріп жатыр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен миллиондаған адам атсалысты. Әлі де жалғаса береді. 

 

Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup day) соның жалғасы іспетті. Бұл күн жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында өтеді. Науқанның негізгі міндеті – жұртшылық назарын қоршаған орта тазалығына, қоқысты бөлек жинау мен қайта өңдеуге, экологиялық өмір салтын ұстануға аудару.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс.

 «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Таза жағалау» атты экологиялық іс-шара осы айтулы күнмен орайластырылып өткізілді. Атап айтқанда, бүгін Әл-Фараби ауданы аумағында Қошқар ата өзенінің бойында тазалық шарасы өтті.

Үшінші мегаполистің мақтанышына айналған өзеннің жағалауын тазалауға қала жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері қатысты.

– Халқымыз «Бұлақ көрсең көзін аш» деген нақылды босқа айтпаған ғой. Қошқар ата – суы мөлдір, таза әрі шипалы өзен. Өзеннің бастау алатын тұсына барып көрсеңіз оның суы қаншалықты таза екеніне көз жеткізесіз. Бұл – Табиғат-Анамыздың бізге берген үлкен сыйы.

Егер өзеннің жағалауы мен сағасын үнемі таза ұстай білсек, Қошқар атаның суы бүкіл қаламыздан осындай тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ағып өтер еді. Бұл қаладағы экологиялық ахуалға оң әсер етеді, – деген қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев қала тұрғындарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қаруға шақырды.

Оқылды 146 рет