Шымкентте жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздігін күшейту шаралары қарқын алды. Төтенше жағдайлар департаменті қаладағы табиғи газға қосылмаған және пропан газбалондарын қолданатын 22 жатақханада қауіпсіздік бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлық тұрғындарға арнайы жадынама парақшалары таратылды.
Қатты отын пайдаланатын 3500-ден астам тұрғын үйге де ерекше назар аударылып, өрттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында өрт қауіпсіздігі мен ауланы күтіп ұстау мәселелері талқыланған дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.
Ал «Үлгілі үй» байқауында «Дендропарк» тұрғын үй кешені үздік деп танылып, өрт қауіпсіздігін сақтаудағы үлгісін көрсетті. Кинотеатрларда өрт қауіпсіздігі тақырыбында 10 арнайы бейнеролик көрсетілсе, ЛЭД экрандарда 25 бейнеролик жарияланған. Сондай-ақ, «Жатақхана» және «Оттан сақ бол» акциялары аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде.
Қалада өрт және улану қаупінің алдын алу мақсатында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті әлеуметтік желілерде 120, ал бұқаралық ақпарат құралдарында 25 материал жарияланып, олардың ішінде 10 басылымда, 6 телеарнада және 9 радиода материалдар жарық көрген.
Әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін арттыру үшін 81 үйге газ анықтағыш құрылғылар орнатылған. Қала әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер арасында меморандумдар түзіліп, 125 газ анықтағыш құрылғы сатып алынды. Барлық осал топтарды газ анықтағыш құрылғылармен қамтамасыз ету мақсатында меморандумдарды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.