Дүйсенбі, 09 Қыркүйек 2024 12:46

«Таза Қазақстан»: Отырарда өткен сенбілікте 4 тонна қоқыс шығарылды

«Таза Қазақстан» экологиялық шарасы аясында, Отырар ауданы көлемінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік барысында аудан орталығындағы көше бойлары мен елді мекен айналасы, автожол бойлары, арық-атыздарды қоқыстардан тазарту, шөптерді ору жұмыстары жүргізілді.

Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына аудан көлемінде 300-ге жуық адам, 4 техника жұмылдырылып, 4 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізілді.

Сондай-ақ, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында да «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпыаудандық іс-шара ұйымдастырылып, «Дендросаябақта» сенбілік жұмыстары атқарылды. Сенбілік жұмыстарына бірқатар мемлекеттік мекеменің қызметкерлері мен БАҚ өкілдері атсалысты. Жалпы 1350-ден астам адам экологиялық бағдарламаны қолдап, тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде орындады.

«Дендросаябақ» аумағында өткен сенбілікте қураған ағаш бұтақтарын қырқып, арам шөптер шабылды, айнала күл-қоқыстардан тазартып, ағаш көшеттерінің түптерін суғару жұмыстары атқарылды. Айта кетейік, жалпыаудандық сенбілікке 4 техника жұмылдырылып, 12 тонна қоқыс шығарылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 25 рет