Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 16:22

Түркістан облысы: Жетісай ауданында жыл басынан бері 75 ана «Алтын алқа» иегері атанды

Қазіргі таңда Жетісай ауданының халқы 172 мың 903-ке жетіп отыр. Өңіріміздегі демографиялық өсім де жыл санап жақсарып келеді. Бұл жетістіктерге қол жетізуде алтын құрсақты аналардың қосып отырған үлесі орасан зор. 

Мәселен, жыл басынан бері Жетісай ауданында 75 ана «Алтын алқа», 223 ана «Күміс алқа» иегері атанған. Бұл жөнінде жуырда 23 ананы арнайы құттықтап, төсбелгілерін табыс еткен Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Аудан әкімінің қолынан «Алтын алқа» төсбелгісін тағынғандардың арасында 77 жасар Зәуре Сүттібаева да бар. Ол – 11 ұл-қыздың анасы. Ұлдарының үлкені – 53, ал кенжесі 28 жаста екен. Кейуана «Алтын алқа» төсбелгісін кештеу алуын балаларының уақытында құжат тапсырмағанымен байланыстарады.

Аудан әкімі «Алтын алқа» төсбелгісін тағуды да Зәуре Сүттібаевдан бастады. «Сіздің жолыңызды «Күміс алқа» иегерлеріне берсін» деп тілек айтқан аудан басшысы мемлекет тарапынан ана мен бала денсаулығын жақсарту, оларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.

«Сіздер ауданымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышысыздар. Өйткені сіздер еліміздің демографиясына сүбелі үлес қосып отырсыздар. Сіздерге мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау білдіріліп келеді. Ендеше, баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақыт пен амандық тілеймін», — деді Жамантай Қанайұлы.

Марапат барысында 12 ана «Алтын алқа», 11 ана «Күміс алқа» төсбелгісіне ие болды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 749 рет