Бейсенбі, 17 Қазан 2024 16:27

Шымкентте дәстүрлі «қазақ дастарханы» фестивалі өтті

Шымкент қаласында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Фестиваль барысында түрлі этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ортақ дастархан жайды. 

Бұрынғы жылдары ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен қатысушылар, биылғы шарада үй жағдайында дайындалған ұлттық тағамдарды қалың көпшілікке ұсынып, қазақтың дастархан мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеді.

Фестивальдің басты мақсаты – этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының төңірегіне топтастыру және ұлтымыздың қонақжайлылық, сыйластық сынды игі дәстүрлерін насихаттау болды.

Шараға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Фестиваль барысында «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының» мамандары ұлттық дәстүрлер мен тағамдарға қатысты жан-жақты мәліметтер берді.

Еске сала кетейік, «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған бұл фестиваль алғаш рет 2015 жылы Шымкентте ұйымдастырылған. Биыл тоғызыншы рет өткізілген шара жыл сайын қалалық ассамблеяның қолдауымен түрлі форматта жалғасын табуда.

Оқылды 24 рет