Жұма, 18 Қазан 2024 09:24

Шымкент: Еңбекші ауданы тұрғындарының талап-тілектері тыңдалды

Қала әкімі Еңбекші ауданындағы Шаңырақ, Тұрдыабад Базарқақпа, Абдулабад шағын аудандары мен тұрғын алаптарының азаматтарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар коммуналдық қызметтердің жұмысы, электрмен жабдықтау, қаңғыбас иттер, автобус аялдамалары мен жол белгілерін орнату және көше жарықтандыру мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, тұрғындар жер учаскелерін заңдастыру, көшелерді көгалдандыру, жол мен спорт алаңдарын салу, қоғамдық көлік және кәсіпкерлік нысандарының қызметіне қатысты мәселелерді де қозғады. Кейбір мәселелер сол жерде шұғыл шешімін тапса, күрделі мәселелер бақылауға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен шешілетін болады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына қала тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге ерекше назар аударуды, сондай-ақ оларды жедел әрі тиімді шешу шараларын қабылдауды тапсырды. Барлық күш-жігер ең алдымен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы көшпелі кездесу барысында жергілікті тұрғындардың күшімен жасалған жасыл аймақты аралап көріп, қолайлы микроклимат қалыптастыру және жайлы жағдай жасау үшін жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде жаяу жүргіншілер жолдарын қарастырып, қоршау мен бейнебақылау камераларын орнату мәселесі бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер қойылды.

Айта кетейік, Ауданда 29 елдімекен, 283 көпқабатты үй бар. 228 830 халық тұрады. Аудан жұртшылығы ауыз сумен 94,5 пайыз, электр жарығымен 97,3 пайыз, ал табиғи газбен 90,7 пайыз қамтылған. 2024 жылы 47 көпқабатты үйдің аулаларын абаттандыру және жеке сектордағы 18 мекенжай бойынша кешенді балалар ойын алаңдарын орнату жоспарлануда. Қазіргі уақытта 20 нысанда балалар ойын алаңын орнату жұмыстары жүргізілуде. Абаттандыруды қажет ететін қалған 36 ауланы абаттандыру 2025 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта аудан аумағында 56 ашық спорт алаңы орналасқан. 2024 жылы 8 ашық спорт алаңын орнату жоспарлануда. 2-нысанда жұмыс басталды. 6-нысан бойынша Мемлекеттік сатып алу бойынша іс-шаралар өткізіледі. Ал Еңбекші ауданы әкімінің аппаратымен 2024 жылы 5 гүл бақшасын салу жоспарлануда. Мердігерлік ұйымдармен шарттар жасалды, жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Оқылды 63 рет