Жұма, 18 Қазан 2024 10:31

Шымкент: Еңбекші ауданында экологиялық іс-шара ұйымдастырылды

«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.

Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Осы орайда Еңбекші ауданындағы Қапал батыр көшесінің бойы мен Еламан шағын ауданында экологиялық іс-шара өтті.

Шымкент қаласының белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен тұрғындар аталған шағын аудан аумағындағы аулаларды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып шықты.

– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзімнің сүйікті қаламды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышым деп білемін, – дейді Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Жәйшібеков.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді.

 

Оқылды 71 рет