2000 жылы Келес ауданында дүниеге келген Әділет бала кезінен-ақ жан-жақты болатын. «Білсем, үйренсем» деп жүретін ол мектеп қабырғасында өлеңдер шығарып, әндерді де керемет орындап, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүретін. Оның бірі 2016 жылы «Арай-2016» байқауындағы жеңісі еді. Сондай-ақ спортты да бірге алып жүрген ол ережесіз жекпе-жектенде ауданаралық жарыстарда алдыңғы шептен көрініп жүрді. Т.Бегелдинов атындағы мектепті тәмамдағаннан соң, 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр» Президенттік полкінде Отан алдындағы борышын өтейді.
2020 жылы Шымкент қаласындағы мамандандырылған жасаққа өрт сөндіруші лауазымына қызметке орналасады, одан әрі аға өрт сөндіруші қызметін атқарады. Өрттерді сөндіруде адыңғы шептерде көрініп, басқа да қоғамдық жұмыстар да белсенділік танытып қала әкімінің, ТЖД бастығының алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. Қазіргі таңда мамандандырылған жасақта аға байланыс шебері қызметін атқаруда. Қызмет барысында патриоттық өлеңдер жазып, бірнеше өлеңдері жарық көрді. Сондай-ақ қызметтің ұйымдастыруымен «Тілім-менің тірегім!» атты өткізілген байқаудың жеңімпазы! Осындай белсенділігі мен өз қызметіне деген адалдығының нәтижесінде бөлімше командирі лауазымына тағайындалды. Өрттерді сөндіру кезіндегі фотосы 2022 жылы «Үздік өрт сөндіруші бейнесі» байқауына ұсынылып, жеңімпаз атанды.
Жас өрт сөндіруші тұрғын үйде орын алған өртте жалындап тұрған газ баллонды сөндіріп, қауіпсіз аймаққа шығарып, жарылуын алдын алып өзінің өжеттілігін тағы да бір дәлелдеді.
Бұл оқиға Ақжайық-2 шағын ауданы А. Әділбаев көшесінде орналасқан тұрғын үйлердің бірінде орын алды. Хабарлама түсе сала лезде өрт орнына келген өрт сөндірушілер ас бөлмеде толық өртке оранған, жалындап жанып жатқан 50 литрлік газ баллонды көреді. Тез арада бірі суыту жұмыстарына кіріссе, Әділет қып-қызыл болып жанып тұрған отты барынша тұмшалап, газ баллонның бұрандасын жауып, отты сөндіріп, ісініп, жарылуға шақ қалған баллонды қауіпсіз аймаққа алып шықты. Осылайша үлкен апаттың алдын алды.