Жексенбі, 20 Қазан 2024 09:38

Даталы күн: Шымкенттің құтқарушылары ержүрек-батыр жандар

Биыл Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау жүйесінің құрылғанына 29 жыл толып отыр. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін 19 қазанда атап өтеді. 1995 жылдан бастап бұл күн Құтқарушылар күні болып белгіленді, ал осы уақыт ішінде шымкенттік құтқарушылар көптеген адамдарға қиын сәттерде көмек көрсетіп, өз жұмыстарын абыроймен және құрметпен атқарып келеді. 

Осындай құтқарушылардың бірі - Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Бекжан Тиллабекович Уркинбаев.

Ол азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдан бері қызмет етіп келеді және өз еңбек жолын Шымкент қаласындағы №1 мамандандырылған жасақта өрт сөндіруші қызметінен бастады. 2022 жылы Бекжан Тиллабекович Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне ауыстырылып, бөлімше командирі лауазымына тағайындалды.

Қызмет барысында ол өзін сауатты, бастамашыл, жауапты және тәртіпті қызметкер ретінде көрсетті. Осы қасиеттерінің арқасында ол ірі өрттерді сөндіруде басшылық жасап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

Оның қызметінің маңызды бөлігінің бірі – өзінің кәсіби тәжірибесі мен білімін жас мамандарға үйрету. Ол жас қызметкерлерге өрт сөндірудің негізгі дағдыларын үйретіп, өзінің мол тәжірибесімен бөліседі. Қарамағындағы қызметкерлер оның кәсібилігін және адамгершілігін бағалап, әрдайым қолдау көрсетеді.

Тәжірибелі құтқарушы ретінде Бекжан Тиллабекович қиын жағдайларда бірнеше рет ерлік танытқан. Сондай оқиғалардың бірі 2024 жылдың 2 қазанында орын алды. Шымкент қаласының Нұрсат-2 шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің 6-қабатындағы пәтерде болған өрт кезінде ол әріптестерімен бірге өртті уақытында сөндіріп, оның одан әрі таралуына жол бермеді. Сол күні 31 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды, ал 6 бала құтқарылды. Бекжан Уркинбаев батылдығын көрсетіп, баланы құтқарып, өз кәсіби шеберлігін тағы да дәлелдеді.

Ол жұмыста талапшыл және адал болса, үйде қамқор әке және үлгілі жар. Бекжан Тиллабекович бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған отбасының тірегі.

Оның жанқиярлық еңбегі, батылдығы мен адалдығы әрдайым жоғары бағаланып келеді. Бекжан Тиллабекович «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 10 жыл» және «Өртке қарсы органдарындағы мінсіз қызметі үшін 15 жыл» медальдарымен марапатталған, сондай-ақ «Гарнизонның үздік командирі» атағына ие болған. Сонымен қатар, әскери қызмет кезінде де жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 2007-2008 жылдары «Үздік радиотелефонист» атағын алған.

Оқылды 174 рет