Жиында Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н.Жүнісов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Б.Полатбеков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мырзабаев, «Қазавтожол» ҰК АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы М.Дүйсембеков баяндама жасады. Мәжілісте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Б.Полатбеков өңірдегі 2830 бюджеттік мекеме жылу маусымына толық дайын екендігін айтты.
«Облыстағы 2830 бюджеттік мекемеге қажетті 169 мың тонна көмір отыны және 6 млн. литр сұйық отын толық тасымалданды. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмірдің қажеттілігі 106 мың тонна, тасымалданғаны 61 мың тонна (60%). Сонымен қатароблыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 544 көпқабатты тұрғын үй жылу беруге дайын. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайда облыстағы елді мекендердің табиғи газбен қамтылғаны 343-ке жетіп, қамту деңгейі 40,8 пайызды құрады. Ағымдағы жылы қосымша 42 елді мекендерге газ инфраструктурасын тартып, қамту пайызын 45,7-ге жеткізу жоспарланып отыр», - деді Бақытжан Әнуарбекұлы.
Басқосуда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аудандарда әлі де газ құбырын тарту жұмыстары кенжелеп жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақШардара сынды аудандарда көмір бағасының шарықтап кеткендігін айтып, бағасын тұрақтандыруды тапсырды. Бұдан өзгеоблыс көлемінде электр энергиясының жиі сөнетіндігін сынап, 53 мың кВт жарық берілмегендігін жеткізді. Бұл салада аудан басшыларына тапсырма жүктелді.
Сонымен қатаржиында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы М.Мырзабаев өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
«Облыстағы автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп ұстау жұмыстарына жұмылдырылатын техникалар саны - 134 бірлік, жұмысшылар саны - 279 адам. Техникалар толығымен жұмыс істеуге дайын. Инертті материалдар бойынша 9 674 текше метр құм және 636 тонна тұз әзірлеу жоспарланған болса, жоспар 100 пайызға орындалып аудан, қалалардағы қоймаларға тасымалданды», - деді Мақсат Сайлаубайұлы.
Жиында «Қазавтожол» ҰК АҚ Түркістан облысы бойынша филиалының басшысы М.Дүйсембеков бүгінгі күнде «Қазақавтожол» ЖШС ОҚО филиалы 766,2 шақырымға қысқы күтілім бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Қысқы күтілім Түркістан облысының ІІД әкімшілік полиция басқармасымен, Төтенше жағдайлар Департаментімен келісіліп жедел хабарландыру схемасы бекітілген. Бүгінгі таңда қысқы дайындықта жоспар бойынша 800 тонна тұз – 100 пайыз, жоспарға сәйкес 15154,85 текше метр құм – 86 пайыз, 209 тонна көмір – 100 пайыз қоймада дайындалған. Қысқы күтілімге 55 данадан астам жол техникаларын жұмылдыру жоспарланған», - деді Мұхтар Дүйсембеков.
Жиынды қорытқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің қыс маусымына дайындық жұмыстарын пысықтауда аса мұқият болу керектігін айтты. Сондай-ақТүркістан-Шымкент, Шымкент-Сарыағаш бағытындағы автомобиль жолында жол көлік оқиғасының жиілеп кеткендігін баяндап, ол жерлерге арнайы белгішелерді орнатуды, қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруды қажеттігін тапсырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.