Жұма, 01 Қараша 2024 20:27

Шымкент әкімі белсенді ұзақ өмір орталығының жұмысымен танысты

Мегаполис басшысы қаланы аралау барысында «Белсенді ұзақ өмір орталығының» филиалында болды. Бұл егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған бірегей жоба. Бүгінде Шымкентте осындай төрт орталық өнімді жұмыс істеуде.

Бұл орталық аға буын өкілдері арасында кеңінен танымал. Мұнда 100-ге жуық зейнеткер екі ауысымда арнаулы әлеуметтік қызметтер алады. Орталыққа келгеннен кейін олар алғашқы медициналық тексеруден өтуі керек.

Аға буын өкілдерімен әңгімелескен қала басшысы олардың жағдайын сұрап, ардагерлердің ұсыныс-тілектерін де тыңдады. Қарт азаматтардың әл-ауқатына қамқорлық жасау қала әкімшілігінің  міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Орталық егде жастағы адамдарға физикалық белсенділік пен өзін-өзі дамытуға мүмкіндік береді. Мұнда емдік дене шынықтыру кабинеттері, йога, би және фитнес сабақтарына арналған залдар жабдықталған. Бұл сабақтар егде жастағы адамдарға белсенді және толыққанды бос уақытты қамтамасыз ете отырып, денсаулықты нығайтуға және өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Орталық сонымен қатар білім беру бағдарламаларын ұсынады, олардың арасында ағылшын және араб тілдеріндегі курстар бар, бұл зейнеткерлерге зияткерлік дағдыларын дамытуға көмектеседі және оларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Егде жастағы азаматтармен білікті мамандар, соның ішінде дәрігерлер, психологтар, жаттықтырушылар және кәсіби қолдау көрсететін әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

Келушілер үшін "белсенді ұзақ өмір " орталығы өздерін жайлы және сенімді сезінуге, белсенді қарым-қатынас жасауға және түрлі іс-шараларға қатысуға жағдай жасайды. Орталықта аға буын өкілдеріне сұранысқа ие болып, қоғамның қолдауын сезінуге мүмкіндік беретін бірлік пен өзара түсіністік ахуалы орнаған. Бұл жоба бос уақыт пен өзін-өзі дамыту үшін қажетті алаңға айналып қана қоймай, егде жастағы адамдардың өмірін жаңа мүмкіндіктерге толы және толыққанды ете отырып, аға ұрпаққа қамқорлық жасаудың символдарының біріне айналды.

Оқылды 221 рет