«Tulip Hall» концерт залында өткен бұл іс-шараға зергерлік, киіз, тоқыма және былғарыдан жасалған бұйымдарын алып келген 17 шебер қатысты.
Көрменің басты мақсаты — креативті индустрия кәсіпкерлеріне өнімдерін нарыққа шығарып, сатылымнан пайда көруге қолдау көрсету, сондай-ақ қалада креативті өндірісті дамытып, қолөнердің танымалдылығын арттыру.
Осылайша ұйымдастырушылар өз жұмыстарын кең аудиторияға ұсына алатын және жаңа клиенттер таба алатын шеберлер платформасын құруға тырысамыз дейді.
Бүгінгі таңда Шымкентте креативті индустрия саласында жұмыс істейтін 2430 кәсіпкер тіркелген.
Биыл қаладағы Арбат алаңында қолөнершілердің қатысуымен 10 жәрмеңке ұйымдастырылып, осы іс-шаралар барысында 2 780 000 теңгеге 1450 қолөнер өнімі сатылған. Осыдан-ақ, креативті өнімге деген жоғары қызығушылықты аңғаруға және жергілікті өндірістің сұраныысқа ие екенін көруге болады.
Осындай бастамалар арқылы ежелден келе жатқан қолөнер түрлерін сақтап, жас шеберлерге қолдау көрсетіп, мегаполисте креативті индустрияның тұрақты дамуына үлес қосуға болады. Бұл Шымкенттегі креативті индустрияның дамуына ғана емес, сонымен қатар аймақтың мәдени мұрасын нығайтуға ықпал етеді, бұл қаланы туристер мен жергілікті тұрғындар үшін тартымды етеді. Жалпы, көрме шығармашылық идеялар мен бірегей тауарлардың орталығы ретінде қаланың жаңа имиджін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам, сондай-ақ креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамыту үшін ынталандыру болды.