Сейсенбі, 05 Қараша 2024 17:52

Шымкент: «Qamqor» өңірлік бағдарламасына өтініштер қабылданып жатыр

«Qamqor» өңірлік тұрғын үй бағдарламасының басталуы, шарттары жөнінде баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Көпжан Төлебаев, «Отбасы Банкі» АҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Еркін Ахыншаев бағдарламаның тиімді тұстарын, азаматтарды баспанамен қамту жұмыстарының барысынан хабардар етті.

 

Шымкент қаласының тұрғындарына арналған «Qamqor» өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 30 қыркүйектен басталған. Қабылдау 28 қарашаға дейін жалғасады. 

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биылға «Қамқор» өңірлік бағдарламасына жергілікті бюджеттен 5 млрд, Отбасы банкінен 3 млрд, жалпы 8 млрд теңге бөлінген. Өткен жылы 3 млрд теңге бөлініп, 150 отбасы баспаналы болған еді. 

Жұмыс істейтін тұрғындардың өңірлік бағдарлама бойынша жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алу мүмкіндігі бар. Берілетін заемның ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Кредит мөлшерлемесі 6 пайыз, алғашқы жарна 10 пайыз.

– Бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматандырылған жүйе арқылы тексеріледі. Қатысушының жасы өтінім берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына қатысушының жасы, некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы, Отбасы банкіндегі депозиті әсер етеді, – дейді Еркін Бақытбекұлы. 

Айта кетсек, жаңа бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, фельдшерлер, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, ЖОО және колледж оқытушылары, мәдениет, спорт саласы қызметкерлері, шығармашылық одақтың мүшелері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, ТЖМ қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады. Қазіргі таңда 2200-ден астам өтінім қабылданған. 

 

Оқылды 210 рет