Жұма, 08 Қараша 2024 13:44

Шымкентте мүгедектігі бар 37970 тұрғынның қажеттілігі өтелді

 Қазір мемлекет тарапынан мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қолға алынған. Әсіресе, олардың күнделікті өмірде қолайлы жағдайды сезінуі үшін қажетті құрылғылар мен жабдықтар маңызды рөл атқарады.

Осы ретте Шымкент қаласында қазір 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 614 адам – бірінші топ, 15 455 адам – екінші топ, 13 505 адам – үшінші топ және 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар.

Шаһарда ерекше жандарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, жыл басынан бері мүгедектігі бар адамдардың қажетті құрылғысы үшін 45 681 өтінім түсіп, оның 37 970-і (82,5%) қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық көмек құралы үшін 8 203 өтінім қабылданып, 6 147 құрал үлестірілді. Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 20 779 өтінім түсіп, 19 012 ерекше жанның қажеттілігі өтелді. Ал, тірек-қимыл функциясында бұзылысы бар азаматтарға арналған қоларба құралына 1 347 өтінім қабылданып, 1 197 адамға арнайы арба берілді.

Сонымен қатар, жеке көмекші, ымдау тілі мамандарының қызметіне 2 901 азамат мұқтаж болса, жыл басынан бері 2 863 адамға қызмет көрсетілген. Мүгедектігі бар азаматтардың шипажайда сауықтыру емі үшін 8 471 адам жолдамаға қол жеткізді.

Мүгедектігі бар адамдар мұндай қажетті құралдарды ЭЦК-мен әлеуметтік тортал арқылы тапсырыс беріп ала алады. Бұл қызметті үйде қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда Бәйтереков 89 мекенжайында басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған және қызметкерлер порталды қолдануға әр адамға жеке-жеке көмек көрсетеді.

Сондай-ақ, Қазақстанның заңнамасында әуе көлігі саласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тәртібі регламенттелмеген. Авиация саласында мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер  авиакомпаниялардың қалауы бойынша беріледі:

Air Astana ауыр науқас балаларға жеңілдікті тарифтер мен жеңілдіктер ұсынады.

Fly Arystan Komek пилоттық жобасы бойынша мүгедектігі бар І топтағы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға және ілесіп жүретін адамға әуе сапарларына арналған тариф құнынан 50% жеңілдіктер ұсынады.

Scat  жылына бір рет ішкі бағыттар бойынша І топтағы мүгедек балалар мен мүгедектерге 100% жеңілдік және ІІ топтағы мүгедектерге 50% жеңілдік береді.

Qazaq Air Басқарма төрағасының шешімі бойынша ауыр науқастарға және мүгедек балаларға жеңілдіктер береді.

 

 

Оқылды 198 рет