Инвестициялық жоба аясында мұнда жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары төселіп, жарықшамдар орнату жоспарланған. Сондай-ақ, жағалаудың іргелес аумағы көгалдандырылып, тұрғындар мен қала қонақтары үшін жайлы демалыс аймағы құрылатын болады.
Жобаның басты мақсаты — балалар және спорт алаңдары бар, жаңа заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыру. Әкім инвесторлармен кездесу барысында құрылыс сапасының жоғары деңгейде болуын, яғни сапалы материалдарды қолданудың маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті элементтер қарастыруды ұсынды.
Сапар барысында қала әкімі көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстарының барысын да көріп шықты. Қазіргі кезде Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Иляев және Б.Момышұлы көшелерінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, оған қоса көпқабатты үйлердің қасбеті мен шатырларының бірыңғай сәулеттік стильге сәйкестендіру жұмыстары қолға алынған.
Әкім мердігер ұйымдарға барлық жұмыстың сапалы орындалуын міндеттеп, қала келбетін жақсарту мақсатында бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, жауапты тұлғаларға сауда нүктелерінің иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жарнамалық тақтайшаларды бірыңғай дизайн-кодқа сай ретке келтіру бойынша міндеттер жүктеді.