Сәрсенбі, 30 Қазан 2024 10:58

"Amanat" партиясы: Биыл 1500 бейнебақылау камерасы қойылды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының кезекті жиыны өтті. Отырысқа комиссия төрағасы Ғани Ташқараев және мүшелері қатысты.

Жиында 2023-2027 жылдарға арналған партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы талқыланды. Бұл бағытта мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі, интернет желісінің сапасы және ауқымы сынды мәселелер қарастырылды.

Қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Мұхит Кемелов 2024 жылы атқарылатын жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл қала аумағында 1500 бейнебақылау камералары орнатылған. Соның 300-і жылдамдықты өлшеу үшін, 1200-і қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында пайдаланылуда. 147 мемлекеттік мектепте интернет жылдамдығы 150 Мбит/сек дейін көтерілген. Оның 100 Мбит/сек оқу процесіне бағытталса, 50 Мбит/сек бейнебақылау және дабыл батырмалары үшін бөлінген.

Сондай-ақ, басқарма басшысы жеке инвесторлардың есебінен қала шетінде орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптарға талшықты оптика желісін тарту жұмыстарының жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл шаралар қаладағы 20 елдімекенде іске асырылып жатыр. Бұдан бөлек, 94 5G базалық станциясы орнату жоспарланып, қазіргі таңда 84-і қолданысқа берілген. Нәтижесінде, қала тұрғындары 217 нүктеде 5G жиілігіне қол жеткізді.

Комиссия мүшелері бейнебақылау камералары мен ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарға ерекше назар аударуды ұсынды.

Жиынның нәтижесінде атқарылған жұмыстар мен жоспарлар бойынша маңызды ұсыныстар мен пікірлер айтылды.

Оқылды 16 рет