Бұл орталық Қазақстандағы инклюзияны дамыту жолындағы бастамалардың бірі болып табылады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылады.
«Қамқорлық» орталығы негізінен 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға бейімделген. Мұнда күндізгі жартылай стационар жағдайда аутизм спектрінің бұзылысы, сөйлеу қабілетінің кешігуі және де ментальды бұзылыстары бар, психоневрологиялық ауытқуы бар балаларды түзету-дамыту жұмыстарын жүргізу, оларды әлеуметтік-қоғамдық ортаға бейімдеу қызметтерін жүзеге асырады.
Ерекше балалардың ата-аналарының өтініші негізінде жуырда орталықта сыйымдылық көлемі 70 орынға артты. Атап айтқанда, бұрын 116 бала қызмет алып келсе, бүгінде 176 баланың дамуына мүмкіндік жасалып отыр. Қазір орталықта 63 әлеуметтік-педагог екі ауысымда 136 ерекше баланы қоғамға бейімдеуге тәрбиелеп жатыр.
Орталықтағы арнайы кабинеттер балалардың қозғалыс белсенділігін арттыруға арналған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Психолог және логопед мамандар – балалардың сөйлеу қабілеті мен психо-эмоционалдық дамуын қолдау бойынша жұмыс істейді. Ерекше қажеттіліктерге бейімделген сабақтар – балалардың танымдық және әлеуметтік дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Мекеме әлемдік стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда заманауи тренажерлар, сенсорлық бөлмелер, және арнайы бағдарламалар қолданылады. Сонымен қатар, роекциялық интерактивті бөлме, сенсорлық бөлме, музыка-терапия, робототехника, лего, тігін шеберханасы, ағаш және қыш шеберханалары қарастырылған. Орталықта балалардың дамуына қажетті жеке жоспарлар құрылып, бұл әр баланың ерекшеліктерін ескере отырып жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
N8 «Қамқорлық» орталығы тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына да қолдау көрсетеді. Ата-аналарға арналған тренингтер, кеңестер ұйымдастырылады. Бұл шаралар отбасы мүшелерін ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеуде дұрыс тәсілдерді қолдануға үйретеді.