Форумның шымылдығы «Нашақорлыққа жол жоқ» атты театрландырылған сахналық көрінісімен ашылып, есірткінің зардабын тартқан отбасының өкінішке толы өмірі сахналанды. Өмірінің соңын қайғылы жағдайға жеткізген нашақорлықтың зиянын баяндаған әсерлі оқиға көрермендерді бейжай қалдырмады.
Одан әрі шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы сөз алып, жас ұрпақты салауатты өмірге үндеген шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Ол өз сөзінде: «Нашақорлық - қазіргі қоғамның қасіреті және ең өзекті проблемаларының бірі. Бұл болашағымызға балта шабатын қауіпті індет. Қазіргі таңда бұндай індет пен қоғам болып күресіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бұндай шараның маңыздылығы ерекше. Бүгінде мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бөлігі жастарды жан-жақты қолдап, еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпаққа аса сенім артуда. Сондықтан да біз бұл дерттің өршуіне жол бермеуіміз керек,-деді.
Форумда аудан прокурорының орынбасары Нұрлан Мұстафаев пен полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев қоғам назарындағы ғасыр дертіне айналған есірткі, нашақорлық жайында баяндама жасап, есірткіге қарсы күреске бағытталған жұмыстардың барысы туралы атап өтті. Өз кезегінде форумның спикерлері аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жалғасбай Көлбай, зейнеткер ұстаз Мария Белгібаева, аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Гүлзира Әжіқабылова, аудандық мәдениет сарайының директорының орынбасары Дәурен Ақсақаловтар өте қажетті мағлұматтар мен профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз пікірлерін білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты. Шара соңы Отырар аудандық мәдениет сарайы өнерпаздарының ұсынған концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат