Сейсенбі, 01 Қазан 2024 19:18

Отырар ауданында қарттар күні аталып өтті

Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі Отырарда ерекше салтанатпен аталып өтті. Аудандық мәдениет сарайында «Қариялар – асыл қазынамыз» тақырыбында өткізілген мерекелік іс-шараға ауылдық округтерден келген тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер мен тұрғындар қатысты.

Мерекелік шараға келген көпшілік алдымен қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесін тамашалап, халқымыздың күнделікті тұрмыста пайдаланған заттарының тарихымен танысты.  Мұнан соң мерекелік жиынның шымылдығы сахналық көрініспен түріліп, жиынға қатысушылар отбасының тірегі саналған қарттарымыздың қадірін біліп, оларды құрметтеуге шақыратын қойылымды ерекше тебіреніспен тамашалады. Салтанатты шарада аудан әкім Қайрат Жолдыбайұлы ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ақылы-дария, білімі-теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы өздеріңіздей ақсақалдардың барында ел ішінде жөнсіз істер орын алмайтындығы белгілі. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!», - деді.

Мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен ардагелерге аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар тарту етілді. Отырарлық ардагерлердің тойына ауданның талантты әншілері өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.

Жалпы аудан көлемінде 153 тыл ардагері және 5 мыңнан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 22 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Зейнет жасындағы ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында аудан орталығынан ардагерлерге түрлі қызметтер көрсететін «Белсенді ұзақ өмір, әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығы ашылған. Аталған орталық құрметті еңбек демалысына шыққан барлық еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналып келеді. Бұл жерде ардагерлерге барлық жағдай жасай отырып спортпен олардың шұғылдануына да мүмкіндік жасалған. Мұнан бөлек аудан көлемінде ардагерлерімізді ардақтауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастылып келеді.

Халықаралық қарттар күні - 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қарттарға құрмет көрсету акциялары, мемлекет тарапынан біржолғы қаржылай көмек, сондай-ақ, азық-түлік себеті, шипажайларға жолдама және тағы басқа. Сол секілді, егде жастағы жандарға арналып мерекелік концерт те ұйымдастырылады. Одан бөлек, қарттарға арналған ауқымды шараның бірі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жобасы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр қолға алған жоба аясында еліміздің барлық өңірлерінде белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын ашу жоспарланған. Жоспарға сай онда егде жастағы жандар бос уақытын өткізе алады. Аталған орталықта ағылшын тілін үйрену, компьютерлік сауаттылық курстарынан өту, емдік дене шынықтыру, би және тағы басқа шараларды өткізу қарастырылған.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда 65 жастан асқандар халықтың 7,5 пайызын құраса, ал 2030 жылы 11,5 пайызын құрайтын болады.

Осы мерекеге орай, елімізде қарттарды қолдаудың айлығы өткізіліп келеді. Бұл акция осыдан бірнеше жыл бұрын ардагерлер ұйымының бастамасымен шыққан еді, содан бері ол дамып, қоғамымызда жаппай қолдауға ие болуда. Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды. Әсіресе, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккер­леріне деген қамқорлыққа қарттар дән риза. Қазір елімізде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен тыл еңбеккерлері көп қалған жоқ. Оларға деген үкімет пен қоғамның қамқорлығы үнемі жасалып тұру керектігін мемлекет басшысы үнемі ескертіп отырады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет