Сейсенбі, 01 Қазан 2024 20:22

Отырар ауданының әкімі ғасыр куәгерлеріне құрмет көрсетті

Халықаралық қарттар күні мерекесінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы ғасырға жуық өмір сүрген тыл ардагерлерінің үйіне арнайы барып мерекемен құттықтап, ғибратты ғұмыр иелеріне құрмет көрсетті.

Алдымен Шәуілдір ауылында тұратын 90 жастағы тыл ардагері, абзал ана Жібек Байболқызының шаңырағында болды. Балалық шағы ел тарихындағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келген ақжаулықты ана өмірдің қандай қиындығын көрсе де мойымай еңбек етіп, 8 ұл-қыз дүниеге әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Қос ғасырдың куәгері болған әжейдің ғибратты әңгімелерін тыңдап, мерекемен құттықтаған аудан басшысы ардақты жанның өнегелі өмірі мен отбасына деген адалдығына ризашылығын білдіріп, сый-сияпат жасап, иығына ақ орамал жапты.

Мұнан соң аудан әкімі Маяқұм ауылындағы еңбек ардагері Алтынбек Рахымұлының отбасына барды. Алтынбек ақсақал алғаш 1960 жылы «Овцевод» совхозында трактор жүргізушісі болып еңбек етіп, кейіннен ферманың механигі, егіс бригадирі, жүргізуші болып әр салада қызмет атқарған. Еліміз егемендігін алған жылдары «Жұлдыз» шаруа қожалығын құрып, егін егіп, балаларын еңбекке баулыған. Адал жары Каналкүлмен отбасын құрып, 11 ұл-қыз дүниеге әкеліп, олардан 35 немере, 16 шөбере көрген. «Еңбектегі ерлігі үшін», «В.И.Лениннің 10» жылдығы, «Социалистік жарыс жеңімпазы» медальдарымен марапатталған.

Аудан басшысы ардагер ақсақалдың иығына зерлі шапан жауып, жеміс-жидек пен көгеніске толы үлкен корзиналарды табыстап, құрмет көрсетті. Абыз қария елдің амандығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуын тілеп, ел басқарып отырған азаматтардың құрметіне шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді.  Одан әрі балтакөлдік жас 100-ден асқан қос ана Күлмира Садықбекқызы мен Ұлдан Жаппарованың шаңырағында болған аудан әкімі қос ғасыр жасаған кейуананың қал-жағдайын сұрап, иықтарына ақ жаулық жауып, сый-сияпат табыстады.

Аудан басшысы: «Сіздердің әрбір жүріп өткен өмір жолдарыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Қашанда шаңырақтарыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіздер. Отбасыларңызға береке, бірлік тілеймін!»,- деді.Мереке қарсаңында көңілдері көтеріліп, жарқын әңгімелескен ардагерлер аудан басшысының ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ баталарын берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет