Жұма, 11 Қазан 2024 17:41

Отырар ауданы: Балтакөл – ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауыл

Аудандағы ынтымағы мен бірлігі жарасқан ауылдың бірі - Балтакөл ауылы. Ауыл азаматтарының арасында өзара түсіністік қалыптасып, әрдайым бір-бірлеріне қолдау көрсетіп келеді. Ауылдан шыққан жанашыр азаматтар туған жердің, халқының жағдайын естен еш шығарған емес. Бірі халқының денсаулығын жақсартуға қолдау көрсетсе, енді бірі жол салып, көшелерді жарықтандыруды жүргізген. Бүгінде осы бір қалыптасқан игілікті істер жалғасын табуда.

Бүгін Балтакөл ауылындағы балалар ойын алаңшасының ашылуына барған аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов ауылдағы бірнеше жарқын істердің куәсі болып қайтты. Алдымен көпшілік балалар ойын алаңшасының алдына жиналып, жақсы іске қолдау бірдірген азаматтарға алғысын жаудырды. Спорт алаңшасының құрылысы Отырар ауданы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша жүргізілген. Ауыл округінде бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортпен шұғылдануға тарту мақсатында іске асқан жұмыстарға халық дән риза.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары мен мәслихат төрағасы ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл азаматтарының шымыр болып өсуіне, олардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасау мақсатында атқарылған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне сенім білдірді.

Мұнан соң ауылдағы мектептің онжылдық түлектерінің демеушілігімен жалғызбасты анаға тұрғын үй табысталды. Игілікті іске атсалысқан азаматтар 3 бөлмелі үйді өз күштерімен тұрғызып, құрылыс жұмыстарын да бірлесіп жүргізген. Осылайша зейнет жасындағы анаға қуаныш сыйлаған жастардың ісіне ауыл қариялары алғыстарын айтты. Бұл балтакөл ауылындағы демеушілікпен берілген үшінші баспана. Бұған дейін де екі отбасы ауыл азаматтарының демеушілігімен баспаналы болған болатын.

Одан әрі тұрғындар ауылдық ауруханада тегін медициналық ем алуға асықты. Шымкент қаласындағы №14-емдеу орталығының оннан астам білікті де, тәжірибелі дәрігерлері келіп ақысыз қажетті ем-дом мен консультативті кеңес беру қызметін көрсетуде. Құрамында акушер-гиниколог, кардиолог, эндокринолог, хирург, дерматолог, лор, УДЗ, невропотолог, офтальмолог, акушерка, онколог, ЭКГ медбикесі бар бұл команда ауыл әкімдігінің қолдауымен, ауыл азаматтарының демеушілігімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 11-13 қазан күндері емделушілерге тегін мінсіз медициналық қызмет көрсетпек.

Ауылдағы осындай игі істерге оң бағасын берген аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев пен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов ауыла қарап азаматын тануға болатынын балткөлдіктердің ұйымшылдығы басқаларға өнеге болатынын айтып, атсалысқан жандарға алғысын білдірді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 38 рет