Сейсенбі, 15 Қазан 2024 18:46

Отырар ауданының әкімі Балтакөл, Маяқұм ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан тұрғындарымен есепті кездесуін Балтакөл, Маяқұм ауыл округтерінен бастады. Ауыл тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдаған аудан басшысы бұған дейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің орындалуы туралы баяндап, ауылдарды дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды атап өтті.

Ынтымағы мен бірлігі жарасқан Балтакөл ауыл округі үшін ағымдағы жыл жақсы жаңалықтарға толы жыл болды. Көптен бері тұрғындардың көкейіндегі жүрген Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев мектебінің құрылысы аяқталып, білім күні қарсаңында пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауыл округіндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жарықтандылған. Ауылда бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында балалар ойын алаңшасы салынып, ел игілігіне берілді.

Отырар ауданы бойынша 37 елді мекеннің 35 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Соның ішінде Ақкөл елді мекенінің жер асты су қорын анықтау мақсатында Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан жер асты суын іздеу, барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мердігер «Нурпромсервис» ЖШС-мен іздеу-барлау жұмыстары атқарылуда.

Мұнан бөлек Маяқұм ауыл округіндегі Бестам елді мекенін ауыз сумен қамту құрылысы нысанына ұлттық қордан 174,2 млн. теңге қаржы қаралып, нысан ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Айта кету керек қос ауылдың тұрғындары кәсіпкерліктің түрлі саласын игеріп, өздерінің еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында өзгелерге үлгі болып келеді. Мәселен балтакөлдік ағайындар тары-талқан өндірісі мен Ресей еліне қауын сатумен қатар, қауынқақ, қауынқұрт өндірісін қолға алған.

Ал, Маяқұмда егін және мал шаруашылығымен қатар жылыжай ісі де қарқын алып келеді. Осы жайттарды ескерген аудан әкімі тұрғындарға кәсіпкерлік саласы оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту бүгінгі күннің басты талабы екенін айта келе, осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп екенін жеткізді. Кездесуде тұрғындар тарапынан суармалы жер, ағын су, ауыз су, кәсіпкерлік салалары бойынша қойылған сұрақтарға заң аясында оң шешімін табуға қолдау көрстететінін айтып, мамандар тарапынан тұщымды жауаптар берілді.

Аудан әкімінің кездесуі түс ауа Көксарай, Аққұм ауылдарында жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы алдымен бұған дейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің орындалуы туралы баяндап берді. Мұнан соң алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар туралы айтып, іске асатын жұмыстардың дені бұған дейінгі кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер екенін жеткізді.

Ағымдағы жылы Көксарай ауыл округі бойынша 6,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тас төселген. Ауыл округінде демеушілер есебінен салынған «Толағай» күрес залы пайдалануға берілсе, ардагерлер саябағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ызакөл елді мекенінен балалар ойын алаңшасының құрылысы басталып, Шеңгелді елді мекеніндегі К.Арынов көшесіне аяқжол салу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Әбдірахман Мәуленқұл, Хайрулла Аймырзаевтар Шәуілдір-Көксарай бағытындағы КХ-10 тасжолын жөндеу, электр жарығының бағаналарын жаңарту, трансформатор орнату, ауылдық аурухананы жөндеуден өткізу, «Есіркеп» каналын механикалық тазартудан өткізу секілді мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды.

Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Көксарай ауылымен іргелес жатқан Аққұм ауыл округінде де біршама жұмыстар атқарылған.  Мәселен, ұзындығы 1300 метр болатын «Сай ауыл» көшесі мен Л.Оспанов, Амангелді көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 2160 метр болатын Ш.Асанов көшесін асфальттау, жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ауыл округінде тұрғындардың өтінішіне сәйкес дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.

Кездесуде ауыл тұрғындары Қаржау Бекайрдаров, Полатхан Әлібаев, Дүйсен Ашықбайлар жедел жәрдем көлігін жаңарту, ескірген электр желілері бағаналарын ауыстырып, трансформатор орнату, абаттандыру жұмыстары жүргізу секілді мәселелерді айтып, тиісті жұмыстардың атқарылуын сұрады.  Айтылған мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан аудан басшысы жұмыстардың орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді. Жиын соңында ауыл қариясы Төреқасым Бөрібаев ауданда атқарылған жұмыстарға халықтың көңілі толатынын айтып, ақ батасын берді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 34 рет