«Экономикалық көрсеткіштердің өсімі халықтың өмір сапасына тікелей әсер етіп отыр.
Өздеріңіз білетіндей, Шымкент қаласы жалақы мөлшері төмен өңірлер қатарына жатады (Шымкент қ. 16 орында, Жамбыл облысы 17, Түркістан облысы 18, Солтүстік Қазақстан облысы 19, Жетісу облысы 20).
Осы ретте, өңірдегі жалақыны арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдануда. Жергілікті бюджеттен 15 мыңға жуық еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын қосымша 50 мың теңгеге көтердік»,-деді шаһар басшысы.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 10 млрд теңге бөлініпті. Нәтижесінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 140 мың теңгеден асты. Қазіргі таңда, өңірдегі орташа жалақы көлемі 12,5 пайызға өсіп, 304 мың теңгеге жетті. Жұмыс орындарын құрып, халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп отыр.
Мегаполис басшысы жұмыс орындарын құру және халықтың табысын тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Өңірдегі белсенді жұмыс істейтін азаматтар саны 468 мыңнан асты. Биыл жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында, жұмыспен қамту шараларына 45 мыңнан астам адам тартылып, 32 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылды (оның ішінде, жеке бастама – 18,3 мың адам, бос жұмыс орындарына – 13,4 мың адам).
Жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30 пайызға азайды (2023 ж. 10 айы – 12 108 отбасы, 2024 ж. 10 айы – 8 511 отбасы).
Өткен жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді (РК – 4,6 пайыз, Шымкент қ. 3 орын)»,-деді Ғ.Сыздықбеков.