Жұма, 22 Қараша 2024 12:35

Шымкентте «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 182 балалар және 26 спорт алаңшалары салынуда

Экономиканың тұрақты динамикалық өсімімен бірге қала қазынасы да артып келеді. Биыл бюджет көлемі 779 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 123 млрд теңгеге артты.

Біздің мақсатымыз – қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділігін азайту.

Осы бағытта кірістер органдарымен бірлесе жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Атап айтқанда:

Қалада 3 мыңға жуық коммерциялық нысандарға талдау жүргізіліп, олардың бағалау құны нарықтық құнынан бірнеше есе төмен көрсетілгендігі анықталды. 

Оларды заңдастыру нәтижесінде, нарықтық құны 58 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге немесе 17 есеге ұлғайды. Мысалы, «Arman City» сауда орталығының құны иелері көрсеткен 50 млн теңгеден 850 млн теңгеге немесе 16 есеге ұлғайды. 

Сонымен қатар, хронометраж жұмыстарын жүргізу арқылы «Кәусар» ресторан желісінің табысы орташа 4 есеге артып, иелері көрсетіп отырған 625 млн теңгеден нақты 2,3 млрд теңгеге дейін ұлғайған. 

Осы сияқты қала базарларындағы табыс көлемі  115 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге немесе 11 есеге артты.  Тойханалар бойынша табыс көлемі 8 есеге ұлғайтылып, 79 млн теңгеден 2,3 млрд теңгеге дейін жетті. 

"Өкінішке орай, әділеттілікке кәсіпкерлердің көбісі түсіністікпен қарап, қолдағанымен, кейбір кәсіпорындар Шымкент қаласының аумағында бола тұра ресми мекен жайын Түркістан облысына ауыстырған жағдайлар да орын алуда. 

Дегенмен, мекен жайын ауыстыруы салық төлеуден босатылмайтынын айтып өткім келеді.   Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, соңғы 3 жылда салықтық түсімдер 262 млрд теңгеден 660 млрд теңгеге артып 2,5 есеге өсті. 

Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Бюджет шығыстарын жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 5,8 млрд теңгеге 182 балалар және 26 спорт алаңшалары мен 18 сквер салынуда. 

Осы ретте, қала тұрғындарын «электрондық үкіметтің» веб-порталын пайдаланып, өз аулаларын абаттандыру мақсатында аталған жобаға белсене қатысуға шақырамын"-деді әкім.

 

Оқылды 23 рет