Сәрсенбі, 27 Қараша 2024 11:47

Шымкентте 800-ге жуық адам «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмысқа жолданды

Шымкент қаласында мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға бағытталған.

«Күміс жас» бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану үшін іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тарта отырып, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады.

Шымкент қаласы бойынша, жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жаңа жұмыс орындарына ие болды. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етіп жатыр.

Бағдарламаға қатысушылардың бірі, 59 жастағы Айман Тельғозиева ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында түрлі өндіріс орындарында бухгалтер қызметін атқарып, Шымкент қаласына қоныс аударғаннан кейін «Самғау биік» мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестігінде тазалыққа жауапты қызметкер болып «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Мұнан кейін «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жолдама алған ол:

“Мемлекеттік бағдарлама маған екінші тыныс берді. Тәжірибем мен білімімді қоғамға пайдалы істерге арнап, өзіме де, өзгелерге де көмектесе алатыныма қуаныштымын,” – дейді.

Шымкент қаласы – «Күміс жас» бағдарламасының табысты іске асырылып жатқан өңірлерінің бірі. Мұндағы көптеген адам жаңа жұмыс орындарында өз әлеуетін ашып, ел дамуына үлес қосуда. Бағдарлама арқылы өмірлік тәжірибесі мол азаматтардың қоғамда белсенділігі артып, еңбек нарығына құнды кадр ретінде оралуы – оның басты жетістігі.

 

Оқылды 112 рет