Сейсенбі, 26 Қараша 2024 12:23

Шымкентте 920 адамға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетіледі

Шымкент қаласында қарттарға, мүгедектігі бар азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі дамып келеді. Бұл бағытта қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №7 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы айрықша рөл атқарады.

Орталық 9 бөлімше арқылы қызмет көрсетеді: 6 бөлімше қарттар мен мүгедектігі бар жандарға, 2 бөлімше тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға, ал 1 бөлімше 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар адамдарға арналған.

Орталықтың 154 қызметкерінің 122-сі – күтім жөніндегі әлеуметтік қызметкер. Олар қаладағы 920 ерекше күтімді қажет ететін жанға 8 түрлі қызмет көрсетеді. Оның ішінде 555-і қарт, 86-сы мүгедектігі бар жан, 181-сі ерекше бала және 98-і психоневрологиялық ауруы бар азамат.

Әлеуметтік қызметкерлер күтімді қажет ететін жандардың үй-жағдайына қарай тұрмыстық қолдау көрсетеді су тасу, азық-түлік жеткізу, үй жинау, пеш жағу сеілді қызметтерді көрсетеді. .

Қызмет алушының денсаулығына сай үйге дәрігер шақыру, дәріханалардан дәрі-дәрмек жеткізу, емханаға бірге бару секілді медициналық көмекті ұйымдастырады. Сонымен қатар, психологиялық қолдау мен заңгерлік көмегін де ұсынады. Ерекше балалардың бейіміне сай білім алуы мен қоғамға бейімделуіне әлеуметтік күтім жөніндегі қызметкердің еңбегі орасан.

Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерлер қызмет алушыларды театрлар мен саябақтарға апару, мәдени шараларға қатысуына жағдай жасайды. Олар үйдегі еңбекті ұйымдастыру, өзіне күтім жасау бойынша кеңестер береді.

Шымкенттегі бұл жүйе қамқорлыққа зәру жандардың өмір сапасын арттыруға үлкен үлес қосып отыр. Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі – қоғамдағы мейірімділіктің айқын көрінісі.

Оқылды 25 рет