Сәрсенбі, 27 Қараша 2024 09:17

Шымкентте "Жастар" бағдарламасына өтінім қабылдау басталды

Мемлекет ұсынған пәтерді жалдап жеке баспанаға қаржы жинауға  мүмкіндік бар.  Шымкент қаласы бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламаға өтінім қабылдау  басталды.

Өтінімдер қабылдау  27 қараша күні сағат 9:00-ден  бастап 29 қараша сағат 19:00 аралығында жүргізіледі.

«Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: Жұмыс істеп жүрген 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары. Олардың ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен яғни, 147 680 теңгеден  кем болмау керек. Өтініш берушінің Шымкент қаласында өтінім берер алдында соңғы 3 жылдан кем емес тұрақты тіркеуінің болуы шарт. Биыл жалдамалы пәтер талаптарына бірқатар өзгерістер енгізілген.

- Бұл тұрғын үйлер  3 жылға дейін беріледі. Бірақ келісім шартты бір жылға түземіз. Бір жылдың ішінде азаматтар 170 АЕК жинаған жағдайда, келісім шарт ары қарай созылады.

 Биыл жастарға 900 пәтер бөлініп отыр. Пәтерлер Шымкент қаласы, Абай және Қаратау аудандарында орналасқан.  "Жастар" бағдарламасына қатысушылар «kezekte.kz» порталында ЭЦП ключ арқылы өтінім бере алады,-дейді тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Жұлдыз Ордабекова.

Аталған бағдарламаға қатысты жиі қойылатын сұрақтардың жауаптар тізбегін ұсынамыз:

1. Депозиттік шоттың болуы міндетті ме?

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банк болып табылатын квазимемлекеттік сектор субъектісінде жинақ шотының (депозиттің) болуы міндетті.

2. Жалдау шарты қалай және қандай мерзімге түзіледі?

Уәкілетті орган сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай жыл сайынғы жинақтау шегіне жеткен жағдайда (170 АЕК), жыл сайын 3 (үш) жылға дейін ұзарту шартымен 1 (бір) жыл мерзімге шарт жасалады.

3. Тұрақты тіркеуі 3 жылға толмаған жағдайда өтініш беру мүмкіндігі қалай?

Өтініш берушінің соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркелуі міндетті. Отбасы мүшелері қалада тіркеуде болса жеткілікті.

4. Құжаттарды қарау тәртібі қандай?

Құжат қабылдау аяқталған соң, құжаттардың толық, сапалы және барлық талаптарға сай тапсырылғаны тексерілетін болады. Құжаттар толық болмаған жағдайда өтініш берушіге хабарлама жолданады. Өтініш беруші хабарламаны алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қажетті құжаттарды толықтырады.Құжаттар толықтырылмаған немесе талаптарға сай болмаған жағдайда кері қайтарылады. Конкурсқа өткен құжаттар баллдық жүйе негізінде тұрғын үймен қамтылатын болады.

Оқылды 92 рет