Жұма, 29 Қараша 2024 13:35

Шымкент қаласының әкімі шаһарды абаттандыру жұмыстарымен танысты

Соңғы уақытта Шымкентте жаңа қоғамдық орын салуға ниетті компаниялар саны артып келеді. Қала әкімдігі үнемі мегаполисті дамытуға және тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған бизнес жобаларды қолдауға дайын.

Қала әкімі кезекті қаланы аралау барысында Назарбаев даңғылында жүргізіліп жатқан абаттандыру және көгалдандыру жұмысымен танысты. Сондай-ақ «BI group» компаниясының өкілдерімен бірге сакура көшеттерін отырғызды. Алдағы уақытта аумағы 3000 шаршы метрден асатын шағын аллеяда көгал төсеу және шынар ағашы мен түрлі бұталар отырғызу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, күрделі жөндеуден өткен қалалық прокуратура мен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ғимаратын қарап шықты. Жаңартылған нысандарда барлық жағдай жасалған әрі материалдық-техникалық жабдықталуы қазіргі заман талабы мен стандартқа толық сай келеді.

Әрі қарай Қаратау ауданында жергілікті тұрғындармен және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ бас директоры Бауыржан Асқаровпен бірге «Бозарық-3» шағынауданына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Бұл шара шамамен 700 тұрғын үйдің көгілдір отынға қосылуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, желтоқсан айында мұнда ауыз су мен сапалы электр энергиясын жүргізу жұмысын аяқтауды жоспарлап отыр.

Шағынауданды газдандыру – бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы тағы бір маңызды қадам және Шымкент қаласы тұрғындарын табиғи газбен қамтуға бағытталған ауқымды бағдарламаның бір бөлігі.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін «Қайнарбұлақ-2», «Қайтпас-1», «Ынтымақ», «Тассай» және «Еламан» шағынаудандарының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізетін болады.

Аралау барысында тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасының қатысушылары, Әлімқұлов көшесі, 34 үй тұрғындарымен кездесті. Өздеріңізге белгілі, бұл бағдарламаға жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған және апатты деп танылған үйлер енгізілген. Келесі аптада осы үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіп, көптен күткен қоныс тойын тойлайды.

Сонымен қатар, «Металлург» спорт кешенінің қазіргі жағдайымен және «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығының қызметімен танысты. Орталық басшылығына ішкі туризмді дамыту және Шымкенттің туристік нысандарын насихаттау жұмысын күшейтуді тапсырды.

Жаяу аралау кезінде көше жарықтандыру жүйесін, қоғамдық орын мен аулалардың тазалығын, Абай, Асқаров, Түркістан көшелері, Республика даңғылы, Арбат, Әл-Фараби алаңы және «Спутник» гүлзарының санитарлық жағдайын тексерді.

Оқылды 152 рет