Сәрсенбі, 27 Қараша 2024 12:54

Шымкент: Мүгедектікке шыға алмай жүргендер аманаттықтардан көмек сұрады

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бірыңғай тақырыптық қабылдау» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Руслан Тұңғышбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, оларға тиісті көмек көрсетті.

Акцияға қатысушылардың көпшілігі денсаулық жағдайына байланысты мүгедектік алу мәселесін көтерді. Департамент басшысы әрбір азаматтың мәселесін мұқият тыңдап, заң аясында толық жауап берді. Руслан Тұңғышбаев бұл шараның мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету мен олардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті.

Сонымен қатар, қабылдауға келген басқа азаматтар да түрлі мәселелерін ортаға салды. Мысалы, Қайнарбұлақ саяжайының тұрғыны 2015 жылы қайтыс болған баласының мәліметтер базасында әлі күнге дейін тірі деп көрсетіліп тұрғанын айтып, шағымданды. Департамент басшысы оған мәселенің шешілу жолдарын түсіндірді.

16 шағын ауданының тұрғыны баласының АИТВ ауруына шалдыққанын және әлі күнге дейін ІІ топ мүгедектігіне шығара алмай жүргенін айтты. Бұл мәселе бойынша құжаттар қайта зерделеніп, тиісті көмек берілетіні түсіндірілді.

Қабылдау кезінде тұрғындарға әлеуметтік құқықтар мен көмек алу бойынша қажетті ақпараттар беріліп, көптеген азаматтың мәселелері оң шешімін тапты. Іс-шараның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген шаралар қолға алынатыны айтылды.

Оқылды 45 рет