Сенбі, 30 Қараша 2024 14:14

Шымкент: "Тұран" ауданында "Таза Қазақстан" акциясы өтуде

Бүгін Тұран ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті сенбілік өтті. Іс-шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, белсенді тұрғындар мен еріктілер қатысты. Қатысушылар бірлесе отырып, аудандағы көшелер, арықтарды, саябақтар, аулалар мен қоғамдық орындарды тазалап, қоқыстарды жинады. Сонымен қатар ауданда жер-жерде тазалық жұмыстары атқарылуда.

Шымкентте Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экологиялық мәдениетті көтеруге бағытталған бағдарламалар нәтижесін беруде.

Сенбілік барысында тек қана қоқыс жинаумен шектелмей, аудан аумағында ағаш көшеттері де отырғызылды. 

Тұран ауданы коммуналдық мекемесі мамандарының айтуынша бүгінгі шараға 200-ден астам жұмысшылар, 20 техника жұмылдырылған.

Халықтың қолдауы қашанда маңызды.

Акцияға қатысушылардың пікірінше, осындай бастамалар адамдарды біріктіріп, қала тазалығына бей-жай қарамайтын тұрғындардың қатарын көбейтеді. Белсенді азаматтардың айтуынша, бұл тек бір күндік сенбілік емес, ұзақмерзімді нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін бастама.

«Таза Қазақстан» акциясы Шымкентте әрі қарай да жалғасын табады. Қала тұрғындары осы қозғалысқа белсенді қатысып, табиғатты қорғау мәселесіне барынша жауапкершілікпен қарауда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік деңгейдегі мәселе емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуі қаламыздың тазалығын сақтап, экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосады.

Оқылды 117 рет