Осы орайда, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев бастаған делегация Шымкентке арнайы іссапармен келді. Делегация құрамында Алматы және Астана қалаларының білім басқармаларының басшылары, сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері бар.
Іс-шара аясында Шымкент қаласының білім басқармасының мамандары мен ваучерлік жүйеге жауапты сарапшылардың қатысуымен кеңейтілген тәжірибе алмасу жиыны өтті. Кездесу барысында делегация мүшелері Шымкент қаласының бұл жүйе арқылы қол жеткізген нәтижелерін жоғары бағалап, оны өз қалаларында қолдану мүмкіндігін қарастырды.
Шымкентте пилоттық жоба ретінде іске қосылған ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім беруде азаматтарға қызмет түрлерін таңдау еркіндігін ұсына отырып, бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл модель әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді ұйымдастырудың инновациялық тәсілі ретінде танылуда.