Қазіргі таңда Шымкент қаласында 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген, олардың 7 970-і 18 жасқа дейінгі балалар. Осы азаматтарды оңалту бағдарламасы бойынша 82,5 пайызы қажетті көмек құралдарымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, 6 147 адам протездік-ортопедиялық, 19 012 адам сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарымен, 1 197 адам мүгедектігі бар адамдарға арналған қол арбамен және 2 863 адамға жеке көмекші және ымдау тілі мамандарының қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, 8 471 адамға шипажайларға жолдама берілді. Ал 483 мүгедектігі бар азамат арнайы «Инвотакси» қызметін пайдаланады.
– Қаламыздағы мүгедектігі бар азаматтардың жұмыспен қамтылуы да жүйелі түрде жүзеге асуда. 2024 жылы 1 368 мүгедектігі бар адамды жұмысқа тарту жоспарланған, ал 10 айдың қорытындысы бойынша 1 102 адам жұмысқа орналасты. Квота негізінде 42 мекемеге 149 адам жұмысқа орналастырылды, - деп атап өтті Жанат Өтебаева.
Шымкент қаласында ерекше күтімді қажет ететін балалар мен ересектерге, қарттарға жартылай стационар, стационарлық және үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Биыл осы бағытта 3 436 тұрғын арнаулы әлеуметтік оңалту шараларымен қамтылды.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша, Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қала инфрақұрылымын қолжетімді ету мақсатында 245 нысан бейімдеуден өтуде. Олардың 53,8%-ы «Іnva.gov.kz» интерактивті картасына енгізілді.
Бұл шаралар азаматтардың өмір сапасын арттырып, қоғамда толыққанды интеграциялануына ықпал етеді.